KZ
Өскемен
-2°
снег жел 6 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Жоғары білімдегі сапа мәдениеті: тазалық тағылымы

21.11.2025, 13:00 180 Базарова Айгүл

Өскемен қаласында білім мен ғылым саласының мамандары «Жоғары білім берудегі сапа мәдениеті» атты республикалық семинарда бас қосты. Мазмұнды пікірталасқа, тәжірибе алмасуға, жаңа көзқарастардың түйісуіне арқау болған шарада білім сапасының мәдениетін арттыру, жасанды интеллектіні оқу процестеріне енгізу жұмыстары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жиынды ұйымдастырушылар — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті мен Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі, сондай-ақ Жоғары білімді реформалау ұлттық сарапшылар тобы (HERE). Жиналған ректорлар, проректорлар, декандар, кафедра меңгерушілері, бағдарлама жетекшілері мен комплаенс-офицерлері еліміздегі білім сапасы мәдениетін халықаралық деңгейге көтеру бағытында тың бастамаларды ортаға салды.

Семинарды ҚР ҒЖБМ Интернационалдандыру басқармасының басшысы, HERE тобының мүшесі Рауза Мендалиева жүргізіп, жиын шымылдығын ЖОО жетекшілері, ҚР ҒЖБМ комитеті және Erasmus+ ұлттық кеңсесінің өкілдері ашты. 

– Бүгін Erasmus+ жобасы аясында бас қосып отырмыз. Жиынның басты тақырыбы жоғары оқу орнындағы білім сапасын арттыру, реформалау жобасын талқылау. Жоғары білім сапасының қандай болуы қажет, оны қалай көтеру керек деген сұрақтарға тыңғылықты жауап беріледі. Қазір жоғары білімнің алдында үлкен талаптар тұр. Мәселен, білім сапасының мәдениетін арттыру, жасанды интеллектіні оқу процестеріне енгізу жұмыстары бар. Қазақстандағы жоғары білімді реформалау бойынша арнайы топпен бірге шетелдік сарапшыларды тарта отырып, күн тәртібіндегі мәселелер қаралды, - дейді ҚР ҒЖБМ Интернационалдандыру басқармасының басшысы, HERE тобының мүшесі Рауза Мендалиева.

Семинардың алғашқы баяндамасын Astana IT University бірінші проректоры, HERE тобының төрағасы Серік Өмірбаев ұсынды. Ол сапа мәдениетінің мәнін, оның әдіснамалық негіздері мен ілгерілету механизмдерін жан-жақты түсіндіріп, білім беру ұйымдарының ішкі мәдениетіне, академиялық адалдық пен басқару шешімдерінің ашықтығына басымдық берілмейінше, сапаның шынайы қалыптаспайтынын атап өтті. 

–  Erasmus+ Еуроодақтың ең алдыңғы қатарлы, танымал бағдарламасы. Осы бағдарламаның қолдауымен елімізде Ұлттық сарапшылар тобы жұмыс істейді. Әртүрлі тақырыпта түрлі семинарлар өткізетін арнайы топ бүгін жоғары білімдегі мәдениет сапасы тақырыбын көтерді. Бүгінгі жиында жасанды интеллектіні жоғары білімге интеграциялау, онымен қалай жұмыс істеу керек деген сұрақтарға жауап берілді. Семинардың мақсаты да, осы сын-қатерлер жағдайында сапа мәдениеті қандай маңыздылыққа ие болып отырғаны туралы ақпараттандыруды көздейді. Бүгінгі жиналысқа 200-ге жуық қатысушы және 50-ге жуық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысуда, - дейді Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуанова. 

Семинар барысында жоғары білім берудегі сапа мәдениетінің әдіснамалық негіздері мен оны ілгерілету тетіктері жан-жақты талқыланды. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу сапасын арттыру жолдары, емтихан сессияларын әділ ұйымдастыру тәжірибелері және ғылыми еңбектерде академиялық адалдықты қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, инженерлік білім сапасын халықаралық стандарттармен үйлестірудің заманауи тәсілдері, аккредитация органдарына қойылатын жаңа талаптар және студенттік ортадағы сапа мәдениетін нығайту бағыттары қарастырылды. Барлық тақырыптар бір мақсатқа — қазақстандық жоғары білім жүйесін жаңғыртып, сапа мәдениетін күнделікті тәжірибеге айналдыруға үндеді.

Қатысушылар өзара пікір алмасып, жоғары білім сапасын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын талқылады. Әр университеттің ішкі тәжірибесінен алынған ойлар мен ұсыныстар ортақ мақсатқа — ұлттық жоғары білім жүйесін халықаралық талаптарға сәйкес дамытуға бағытталды.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жасанды интеллект технологиялық процесстерін қарқынды дамыту міндеті қойылды. Білімнің сапасын қамтамасыз ету өте маңызды. Осы мақсатта Erasmus+ ұлттық кеңсесінің, Италия, Испания, Германия ғалымдарымен бірге университетіміздің қабырғасында осындай іс-шара өтіп отыр, - дейді С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.  

Өскеменде өткен бұл семинар жоғары білім жүйесіндегі сапа мәдениеті туралы ел көлеміндегі маңызды алаңға айналды. Кәсіби диалог бүгінгі күннің өзекті мәселелерін ашып қана қоймай, болашаққа бағытталған стратегиялық бағдарларды айқындады.


Айдос Мырзахметов
Видео: Жәнібек Ырысбай
Фото: Жібек Нұрахмет, Артем Жигулин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу