Омбыда Шоқанның 190 жылдығына арналған «Уәлиханов оқулары» өтті
20-21 қарашада Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, тарихшы және саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 190 жылдығына арналған халықаралық «Уәлиханов оқулары» конференциясы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігіның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және басқа да елдерден келген жетекші зерттеушілер, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, сарапшылар және қоғамдық ұйымдар қатысты. Конференцияның негізгі мақсаты – Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеу, Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерделеудегі оның үлесін бағалау және ғылыми-гуманитарлық байланыстарды нығайту болды.
Конференцияның алғашқы күні қатысушылар А. Пушкин атындағы Омбы облыстық ғылыми кітапханасында болып, Уәлиханов дәуіріне қатысты сирек кездесетін басылымдармен танысты. Пленарлық отырыста Қазақстан мен Ресейдің академиялық институттарының жетекші тарихшылары мен шығыстанушылары, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Пекин университетінің профессоры баяндамалар жасады. Сонымен қатар, «Шоқан Уәлиханов: дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» халықаралық эссе конкурсының жеңімпаздары марапатталды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалында ғылыми сессиялар ұйымдастырылып, Уәлиханов еңбектерін талдау, экспедициялары мен Қашқарға жасырын миссиясы, тарихи жад мәселелері, мәдениетаралық диалог және қазіргі Орталық Азиядағы геосаяси динамика тақырыптары қаралды.
21 қараша күні мәдени-ағартушылық бағдарлама аясында «Мәңгілік алау» Жеңіс саябағында гүл шоқтарын қою рәсімі, Уәлиханов ескерткішіне тағзым ету, Бас консулдықтағы қабылдау, «Ғалым жолы» экскурсиялық бағыты бойынша Сібір кадет корпусына сапар және Ф. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік әдебиет музейінде «Екі данышпанның достығы — Ф. Достоевский және Ш. Уәлиханов» көрмесі өтті.
Күннің қорытындысы Солтүстік Қазақстан облыстық Николай Погодин атындағы орыс драма театрының «Шоқан. Сыбырлаған монолог» спектаклімен түйінделді.
«Уәлиханов оқулары» конференциясы Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи байланыстар мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды рөлін көрсетті.