Экология министрлігі: биыл Телеграм-чат-бот арқылы 24 мың өтініш түсті
Қазақстанда экологиялық мәселелерді шешуге арналған заманауи цифрлық құрал – @TazaQazBot телеграм-чат-боты арқылы биыл 24 314 өтініш қабылданды. Бұл сервис 2024 жылдың маусым айында іске қосылған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Чат-бот азаматтарға экологиялық мәселелерді жылдам әрі ыңғайлы жолмен шешуге мүмкіндік береді. Қолданушылар өтініш беру үшін тек авторизациядан өтіп, мәселенің фотосын тіркеп, мекенжайын көрсетіп, қысқаша сипаттау жеткілікті. Барлық өтініштер автоматты түрде тиісті жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі, ал орындаушылар жұмыс аяқталған соң фотоесеп беруге міндетті. Пайдаланушылар орындалу барысы туралы хабарлама алып, қызмет сапасын бағалай алады.
Өтініштер 21 санатқа бөлінген, оның ішінде аумақтарды тазалау, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын шығару, көшелерді абаттандыру, көгалдандыру, жолдарды жөндеу, су айдындарын тазалау, және басқа экологиялық бағыттар бар.
2025 жылы чат-бот арқылы түскен өтініштердің статистикасы мынадай: орындалғаны – 22 489; орындалудағысы – 224; тоқтатылғаны – 1 601.
Ең көп түскен өтініштер аумақтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көшелерді абаттандыру және жолдарды жөндеу бағыттарын қамтиды.
Министрлік атап өткендей, @TazaQazBot қоғамдық бақылауды күшейтуге, экологиялық мәселелерге жедел әрекет етуге және мемлекеттік органдардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы ашықтығын арттыруға елеулі үлес қосады. Платформа азаматтардың өз қалауларын білдіруін жеңілдетіп, қоршаған ортаны қорғауға әркімнің қатысуын қамтамасыз етеді.
Экологиялық мәселелер бойынша өтініштеріңізді жіберу үшін @TazaQazBot чат-ботын пайдалануға болады.