KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Келер жылдан бастап «Келешек мектептерінде» дзюдо үйірме ретінде енгізіледі

1.12.2025, 10:00 3 632 Ержан Әбіш

2026 жылдан бастап «Келешек мектептерінде» дзюдо үйірмелері пилоттық түрде енгізілмек. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Азия дзюдо одағының өкілдерімен кездесуде мәлімдеп, тараптар мектеп оқушыларының спорттық дағдыларын ерте қалыптастыруға бағытталған бірлескен жобаларды талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Азия дзюдо одағы президентінің кеңесшісі, бірнеше мәрте әлем чемпионы Айдар Махметов пен «Жеңіс» спорт клубының бас директоры Тимур Тұрсынбаевты қабылдау барысында тараптар еліміздің мектептерінде балалардың дене дайындығын күшейту мен спорттық дағдыларын ерте жастан қалыптастыру мәселелерін талқылап, бірлескен бастамалардың жүзеге асырылу мүмкіндігін қарастырды.

Кездесудің негізгі тақырыбы – 2026 жылдан бастап пилоттық негізде «Келешек мектептері» желісінде дзюдо спорт секциясын енгізу. Жоба секциялық форматта іске қосылады және әр мектептің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін, сонымен бірге оқушылардың қызығушылық деңгейін ескере отырып жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында Қазақстанда жаңа форматтағы 217 мектеп салынуда. Бұл білім беру орындарында 460 мыңнан астам оқушы білім алады. Заманауи жабдықтармен қамтылған, кең спорт залдары, зертханалар мен шығармашылық кабинеттері бар бұл мектептер отандық білім беру жүйесінің жаңғыруына серпін беруде.
Бүгінде «Келешек мектептері» тек инфрақұрылымдық тұрғыдан ғана емес, білім мазмұны мен тәрбие жүйесін жаңаша қалыптастыру жағынан да озық модель ретінде қарастырылады. Оқу процесінде цифрлық технологиялар кеңінен қолданылып, оқушылардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамытуға ерекше басымдық беріледі.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова кездесуде дзюдо үйірмесін енгізудің маңыздылығын атап өтті:

– Келешек мектептерінде сапалы білім берумен қатар, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Шығармашылық, зияткерлік және спорттық үйірмелер арқылы балаларда сыни ойлау, тактикалық шешім қабылдау, өзін-өзі басқару, тәртіпке бағыну, шыдамдылық пен төзімділік сияқты дағдылар қалыптасады. Соңғы жылдары дзюдоға деген қызығушылық елімізде айтарлықтай артты. Бұл спорт түрі жастардың физикалық дайындығын жақсартумен бірге мінез қалыптастырады. Сондықтан министрлік осы бағытта федерациямен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді министр.

Дзюдо федерациясының өкілдері өз тарапынан жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсететіндерін білдірді. Олар 217 мектепте ашылатын дзюдо үйірмелері үшін кәсіби жаттықтырушыларды дайындауды; мектеп спорт залдарын қажетті татами, жаттығу төсеніштері және басқа да құрал-жабдықтармен қамтуды; үйірмеге қатысатын оқушыларды бірыңғай стильдегі кимономен қамтамасыз етуді толық өз мойындарына алатынын атап өтті.

Жобаны іске асыруда ерекше назар ауылдық аймақтарға аударылады. Себебі көптеген ауыл мектептерінде балалардың спортпен жүйелі түрде айналысуына қажетті жағдайлар жеткіліксіз. Дзюдо үйірмелерін енгізу ауылдағы жасөспірімдерге жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етпек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу