ТЖМ биік ғимараттарда өрт кезіндегі әрекет ету ережелерін еске салады
Төтенше жағдайлар министрлігі биік тұрғын және әкімшілік ғимараттарда өрт туындаған кезде эвакуациялау талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Ведомствоның мәлімдеуінше, мұндай нысандардағы кез келген төтенше жағдай бірнеше минут ішінде күрделенуі мүмкін, сондықтан алғашқы сәттегі дұрыс әрекет адам өмірін сақтап қалудың негізгі факторы саналады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биік ғимараттардағы өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптар ерекше: тұрғындардың тығыз орналасуы, күрделі жоспарлануы, желдету шахталары мен инженерлік жүйелердің көптігі түтіннің жылдам таралу қаупін арттырады. Осындай жағдайда адамдардың шатасып қалмауы, эвакуациялау тәртібін нақты білуі – үлкен маңызға ие.
ТЖМ қауіпсіз эвакуация ережелерін тағы бір мәрте еске салады:
• Дүрбелеңге бой алдырмаңыз. Өрт белгісі байқалған сәттен бастап жағдайды тез бағалап, ойланған әрі шұғыл әрекет етіңіз.
• Есіктерді жабуды ұмытпаңыз. Бөлмеден шыққанда есікті тығыз жапсаңыз, жалын мен түтіннің таралуын баяулатуға көмектеседі.
• Лифті пайдалануға болмайды. Өрт кезінде лифт электр қуаты өшкенде тоқтап қалуы немесе түтіннің таралу арналарының біріне айналуы мүмкін.
• Эвакуациялық баспалдақтарды қолданыңыз. Жарық белгілерін, бағыттаушы көрсеткіштерді және ғимараттың эвакуациялау жоспарын басшылыққа алыңыз.
• Түтіннен қорғану үшін төмен жүріңіз. Еденге жақын аймақта түтін концентрациясы аз болады.
• Эвакуация жолы бітелсе, бөлмеден шықпаңыз. Есікті жауып, саңылауларды дымқыл шүберекпен бітеп, балконға немесе терезе алдына шығып, көмек күтіңіз.
• 112 нөміріне дереу хабарласыңыз. Құтқарушыларға мекенжайды, қабатты, кіреберісті және өзіңіз орналасқан орынды нақты жеткізіңіз.
• Қорғансыз топтарға көмек көрсетіңіз. Балалар, қарттар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар алдымен эвакуациялануға тиіс.
Министрлік тұрғындарды өз үйінің эвакуациялау жоспарына алдын ала зер салып, шығу жолдарының орналасуын есте сақтауға, басқарушы компаниялар ұйымдастыратын оқу-жаттығуларға белсенді қатысуға шақырады. Мамандардың айтуынша, мұндай дайындық төтенше жағдай кезінде дұрыс шешім қабылдауға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

