Риддер қаласында саяжай өртенді
шартты сурет
Риддер қаласының Лесная көшесіндегі саяжайда өрт шықты. Өрт сөндірушілер келгенше үйдің шатыры өртке оранған. Өрт сөндірушілер жылдам әрекет етудің арқасында 80 шаршы метр аумақтағы өртті ауыздықтады.
Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан болған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Өртті сөндіруге барлығы 5 адам мен 2 техника жұмылдырылған. Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды. Ең бастысы электр желісіне шамадан тыс күш түсірмеу керек. Үйден шыққан кезде электр құрылғыларын қосулы қалдырмаған жөн.
Электр жабдықтары мен құрылғыларында өрт пайда болған жағдайда оларды сумен сөндіруге болмайтынын ескеріңіз. Өрт шыққан бөлмеден шыққанда есік пен терезелерді мықтап жабуды ұмытпаңыз, себебі ол өрттің жылдам таралуына жол бермейді.
– Біріншіден, өрт шыққан жағдайда жедел түрде өрт сөндіру бөлімін шақыру қажет. Кеш хабарлау және дұрыс емес әрекеттер жағдайды одан әрі ушықтырады және өрттің таралуына әкеледі. Өрт процесі өте жылдам жүреді. 10-20 минуттың ішінде өрт үлкен аумаққа таралады, бөлменің іші түтінге толады, ал температура көрсеткіші 250-300 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, – дейді ШҚО ТЖД ӨС және АҚЖҚ ММ бастығының орынбасары Болат Нұрдыбаев.
Өрт болған жағдайда 101 және 112 телефондарына хабарласыңыз.