Соғыс ардагері Александра Саратовцева ғасырлық мерейтойын атап өтті – ШҚО
Өскеменде Ұлы Отан соғысының ардагері, өмірін ел игілігіне арнаған Александра Тихоновна Саратовцева 100 жасқа толды. Қайсар рухты ғасыр жасаған асыл анаға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан құттықтау хаты мен естелік сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Александра Тихоновна 1925 жылы 12 қазанда Ресейдің Пенза облысы, Иссин ауданы, Николаевка ауылында дүниеге келген. Соғыс оты тұтанғанда небәрі 16 жаста еді. 19 жасында майдан даласына аттанып, құрылыс взводының құрамында көпір тұрғызу жұмыстарына қатысады. Атыс шебіне таяу жерде ер-азаматтармен қатар еңбек етіп, ауыр жұмыстан тайсалмады, Отан үшін аянбай тер төкті. Жеңіс күнін Александра Польшаның Новый-Сонч қаласында қарсы алды. Соғыстан кейін туған ауылына оралып, екі қыз тәрбиелеп өсірді.
1953 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударып, бейбіт еңбекте де белсенділік танытты. Кейін қызының қолына Өскемен қаласына көшіп келді. Ғасыр жасаған ардагерді Шығыс Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.
— Александра Тихоновнаның өмір жолы — ерлік пен еңбектің, Отанға деген адалдықтың айшықты үлгісі. Бір ғасырлық ғұмыры — соғыстың қасіреті мен жеңістің қуанышын, адам рухының тектілігі мен табандылығын айғақтайтын тағылымды шежіре, — деді департаменттің тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының ардагерлермен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы, майор Асет Адамбаев.
Кездесу барысында ардагерге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан құттықтау хаты мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, майдангердің қызы Варвара Николаевнаға анасына деген қамқорлығы мен мейірімі үшін ерекше ризашылық білдірілді.



