Суицид қаупін ерте диагностикалау мәселелері талқыланды – ШҚО
Шығыс Қазақстанда Өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығы облыстық білім беру ұйымдарының педагог-психологтары мен әлеуметтік педагогтеріне арналған «Суицид қаупін ерте диагностикалау: дабыл белгілері. Поственциялық іс-шараларды ұйымдастыру» атты семинар өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бұл семинардың басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында суицидтік тәуекелдердің алдын алу, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыру болды.
Іс-шара барысында қатысушылар жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықтың пайда болуына ықпал ететін факторларды талдап, қоғам мен отбасы тарапынан психологиялық қолдау көрсетудің маңызын атап өтті. Мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдердің эмоционалдық жай-күйін ерте кезеңде бақылап, дабыл белгілерін дер кезінде байқау – қайғылы оқиғалардың алдын алудың ең тиімді жолы.
Семинарда қатысушылар профилактикалық және ақпараттық іс-шараларды ұйымдастырудың тиімді әдістерін талқылады. Сонымен қатар дағдарыс жағдайында әрекет ету жоспарын құрудың нақты алгоритмі ұсынылып, мамандар практикалық кейстермен жұмыс істеу арқылы өз біліктілігін жетілдірді.
Оқыту барысында қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, өз өңірлерінде кездесетін нақты мысалдар негізінде талдау жасады.
Семинар екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Іс-шараға облыстың барлық аудандарынан және ТжКБ ұйымдарынан келген 70-тен астам педагог-психолог пен әлеуметтік педагог қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы кәсіби кездесулер мамандардың біліктілігін арттырумен қатар, өңірлік деңгейде біртұтас психологиялық көмек жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.
Семинар соңында қатысушылар алған білімдері мен тәжірибелерін талқылап, алдағы уақытта өз мектептері мен колледждерінде алдын алу және поственциялық қолдау жұмыстарының сапасын арттыру бойынша нақты қадамдар белгіледі.
Сондай-ақ бұл семинар облыстың қалалары мен аудандарында каскадтық форматта жалғасын тауып, өңірдің басқа да білім беру ұйымдарының мамандарына арналған оқыту түрінде өткізіледі деп жоспарлануда.
Балалардың психологиялық әл-ауқаты – қоғамның тұрақтылығы мен болашағының кепілі. Сондықтан мұндай семинарлар әрбір маманның кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, өскелең ұрпақтың өмірге деген сенімін нығайтуға бағытталады.
Фото: ШҚО Білім басқармасы



