KZ
Өскемен
-31°
плотный туман Штиль
515.89 536.32 5.17

ШҚО-да тұрғындардың несие бойынша мерзімі өткен қарыздарын азайту шаралары қабылдануда

Кеше, 13:30 119 Төлеуғазы Жансая

Бүгінгі таңда бірнеше несиені өз мойнына алып, қаржылық қиындыққа тап болып жүрген азаматтар аз емес. 2024 жылғы 1 қарашадағы деректер бойынша, Шығыс Қазақстан облысында екінші деңгейлі банктер жалпы сомасы 697,4 миллиард теңгеге несие берген. Оның 481,6 миллиард теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Берілген несиелердің 45,7%-ын тұтынушылық несиелер құрайды. Облыс тұрғындарының банк секторына жалпы қарызы 676,6 миллиард теңгені құраса, соның ішінде жеке тұлғалардың мерзімі өткен қарызы 16 миллиард теңгеге жеткен.

ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, тұрғындардың шамадан тыс қарыздану мәселесін шешу үшін аймақта жеке тұлғаларға несие беру талаптарын қатаңдату жұмыстары қолға алынған.

– Қазіргі уақытта көптеген азаматтардың бірнеше несиесі бар екені жасырын емес. Бұл – қоғам үшін өзекті мәселе. Оны шешудің бір жолы – несие алушының ай сайынғы табысын ресми түрде растаусыз несие беруден бас тарту, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өткен жылдан бері «Қарызсыз қоғам» жобасы іске асырылуда.

Бұл жоба борышкерлер санын көбейтпеуді және қарыздарын өтей алмай жүрген азаматтарға көмек көрсетуді көздейді. Жоба іске қосылғаннан бері 6 мыңға жуық адам оқытудан өтіп, сертификат алған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу