KZ
Өскемен
-26°
плотный туман жел 1 м/с, С
515.25 535.91 5.18

«Қарызсыз қоғам»: қарызынан құтылып, жаңа кәсіп көзін тапты 

28.11.2024, 10:00 150 Гульжан Мусина

2024 жылы Президенттің тапсырмасына орай «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша Қазақстан  тұрғындарын, әсіресе, ауыл тұрғындарын жаппай қаржылық сауаттылыққа оқыту  басталған болатын. Осы жобаға қатысқан өскемендік Құралай Мажатаева үшін асу бермес асқардай болып көрінген қиындықтарының бәрі артта қалды, деп хабарлайды  Аltainews.kz тілшісі. 

Облыс халқының қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасына көппен бірге қатысқан өскемендік Құралай Мажатаева екі жыл бұрын  отбасымен облыс орталығына  Тарбағатай ауданынан көшіп келген. 

- Өскемендегі аналар чатынан тегін оқытылатын «Қарызсыз қоғам» жобасы басталғаны туралы, қаржылық сауаттылыққа оқытып, несие қарыздарын төлеудің, жаңа кәсіп ашудың жолдарын үйретіп жатқаны туралы естіп көрсетілген мекенжайға, «Құрылыс колледжіне» бардым. 20 жыл бойы балалармен үйде отырғаннан кейін бе,  алғашқы күні оқу курсы маған құр әншейін сөйлеп-сөйлеп қоя беретін сабақ сияқты болып көрінді. Олай емес екен, менторымыз Ермек Маратұлының сабақтарынан  ойымды мазалап жүрген барлық сұрақтарыма жауап таба бастадым. Ең әуелі қаржыны қысқа және ұзақ мерзімге жоспарлау арқылы қалай үнемдеу керектігін үйрендім. Сонымен қатар, бұл оқу курстарында тек қаржылық сауаттылыққа оқытып қана қоймай, Өскемендегі «Аманат» партиясының жанынан құқықтық көмек берілетінін білдім. Аталған партия арқылы өзіме көмек қолын созған адвокатымның тегін көмегімен, кеңесімен басымдағы қаржылық мәселелерді шешуге кірістім. Алдымен адвокатымның көмегімен Тарбағатай ауданындағы 2016 жылдан бері жекешелендіре алмай жүрген  баспанамды жекешелендірдім, - дейді Құралай. 

Құралай өзі сияқты несие алып, уақытында қайтара алмай жүрген жандарға тигізген көмегім болсын деп қаржылық сауаттылығын қалай арттырғанын, несие қарыздарын қалай мерзімінде жауып бітіргенін бастан – аяқ еш бүкпесіз, тәтпіштеп айтып берді. 

Қаржылық сауаттылығын ашқан ментор Ермек Жұмағұловтың  көмегімен сегіз бала өсіріп, тәрбиелеп отырған Құралайдың отбасы екі банктен алған 1  миллион 900  мың теңге тұтынушылық несиелерін жауып қана қоймай, шағын отбасылық кәсіп көзін  тапқан. «Қарызсыз қоғам» жобасына қатыса жүріп, өзі сияқты көп балалы аналарға бизнес жоба жасап, грант алуға болатынын түсініп, «Бастау бизнес» курсын оқып, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, өзіне бұйырған 400 АЕК( 1 млн. 476 мың теңге) көлеміндегі қаржыға жаңа кәсіп ашады. Ол – клинингтік қызмет көрсету.

Биыл жазда «TAZALIFE.UKA» клинингтік қызметін ашып, берілген гранттық қаржыға бес аспап автоматты шаңсорғыш, биік қабырғаларды, нысандарды өзі өрмелеп жүріп жуып тазалайтын арнайы тазартқыш, кілем, диван жуатын шаңсорғыш, булап киім тазалау, үтіктеу құралдарын сатып алған Құралай бүгінде Өскемендегі сауда орындарының, мекемелердің ғимараттары мен қала тұрғындарының  пәтерлерін мұнтаздай етіп тазалап, табыс тауып жүр. Құралайдың жолдасы Өскемен құс фабрикасында жұмыс істейді. Жоғары сыныптарда оқып жатқан ұлдары, қызы Нұрдана қолы бос уақыттарында аналарына көмектесіп, жанында жүреді. Ата-анасы  балаларды осылай ұқыптылыққа үйретіп, еңбекке баулып жатыр. 

«Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында армандап жүрген кәсібін де ашқан Құралай осымен тоқталып қалмақ емес. Қазір ол «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушыларға шеберлік сыныптарын өткізіп, өзіндей жандарды қиындықты еңсеруге, жаңа істі бастауға құлшындырып жүр. Ол өз қызметінің аясын кеңейту үшін тендерлерге қатыспақ ниетпен мемлекеттік сатып алудың қыр-сырын оқытатын арнайы курсты оқып жатыр. Компьютерлік сауаттылық курсына да жазылып қойыпты. 

Жанаргүл Көкенайқызы

Фото: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу