ШҚО-да дін саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар саны азайды
Шығыс Қазақстан облысының дін істері басқармасының құқық қорғау органдарымен бірлескен алдын алу жұмысының нәтижесінде өңірде жетекшілік ететін саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар саны азайды. Мәселен, 2019 жылы 6 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген болса, 2020 жылы олардың саны 2-ге дейін төмендеді. Бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Асқар Исабаев баспасөз конференциясы барысында айтты.
Өткен жылы облыс аумағында 314 діни бірлестіктер мен олардың филиалдары: ислам, православие, католицизм, протестантизм, "Иегова куәгерлері" қауымдастығы, Кришна және иудей приходтары діни қызметін жүзеге асырды. Миссионерлер саны - 6.
- Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды тұрақты негізде жүзеге асырады. Облыс әкімдігінің, сондай-ақ, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің жанында діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестер жұмыс істейді. Олар мемлекеттік органдардың түрлі конфессиялармен өзара іс-қимылы үшін диалог алаңы болып табылады. Сонымен қатар, облыстың діни бірлестіктер басшылары клубы жұмыс істейді. Конфессияаралық келісімді нығайту үшін діни мерекелердің әлеуеті пайдаланылады, - деді Асқар Исабаев.
Сонымен қатар, діни бірлестіктермен бірлесіп қайырымдылық акциялары, экологиялық сенбіліктер, спорттық жарыстар өткізіледі. Әр түрлі конфессиялардың өкілдері бір-біріне келіп, қарым-қатынас жасап, діни бірлестіктің тарихымен, мәдениетімен және қызметімен танысады. Соған қоса, ашық есік күндерін өткізу сияқты креативті форма қолданылады.
- 2020 жылы Шығыс Қазақстандағы діни ахуалды және ақпараттық - түсіндіру топтары қызметінің тиімділігін бағалау бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдаушылардың үлесі 87,1% - ды құрағанын көрсетіп отыр, - деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, басқарманың мәліметіне сәйкес, өңірдегі діни ахуалды қолайлы деп бағалаушылардың үлесі 88,2% - ды құрағанын айта кеткен жөн.