KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
471.83 505.66 5.4

ШҚО-да мемлекеттік тіркеуге және қайта тіркеуге 283 діни бірлестік пен филиалдар құжаттарын тапсырды

16.11.2012, 18:00 173


Өткен жылдың 11-қазанында қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес ел аумағындағы діни бірлестіктерді тіркеу және қайта тіркеу жұмыстары аяқталды. Бір жылдың көлемінде жүргізілген науқанның өту барысы, алдын ала атқарылған дайындық жұмыстары жайында облыстық дін істері департаментінің директоры Манарбек Мұхамеджановпен Аltaynews.kz тілшісі әңгімелескен еді.

– Манарбек Әзімбекұлы, діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын жергілікті жердегі уәкілетті орган ретінде сіздердің департамент жаңа Заң қабылданғаннан кейін қандай жұмыстар атқарды?

– Біздің облыс аумағында 365 діни бірлестік және олардың филиалдары бар. Олардың ішінде 330-ы облыстық әділет департаментінің базасында тіркелген. 2012 жылдың 25-қазанына дейін олар құрылтай құжаттарын осы Заңның талаптарына сәйкес келтіріп, әділет департаментінде қайта тіркеуден өтулері қажет болатын. Дайындық жұмыстары барысында діни бірлестіктердің басшыларын Заңның талаптарымен таныстыру мақсатында ақпараттық шаралар кеңінен жүргізілді.

– Тарқатып айта кетсеңіз...

– Тарқатып айтар болсам, алдын ала атқарылған жұмыстар нәтижесінде 29 семинар, кездесулер мен жиналыстар, 2 баспасөз конференциясы, «Қазақстан-Өскемен» облыстық телеарнасында 2 тікелей эфир өткізілді. Өңірлік және республикалық телеарналарда 10 сюжет көрсетіліп, облыстық, қалалық және аудандық газеттердің бәрінде хабарламалар, шағын мақалалар, тіпті арнайы беттер де жарияланды.

– Діни бірлестіктер басшыларының ешбірі бейхабар қалған жоқ дейсіз ғой.

– Иә, әр діни бірлестіктің басшысы қайта тіркеуден өту қажеттілігі туралы менің, яғни, департамент директорының хатымен ақпараттандырылды. Бұл мәселе облыс Әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің бейнеконференция режимінде өткізілген кеңейтілген отырысында да кеңінен талқыланып, қажетті шешімдер қабылданды.

– Сонда қайта тіркеуге облыстағы қанша діни бірлестік өз құжаттарын тапсырды және олардың қаншасы бұдан өте алды?

– Мемлекеттік тіркеуге және қайта тіркеуге 283 (189 – мұсылман мешіті, 36 – православие шіркеуі, 46 – протестант, 2 – дәстүрлі емес, 4 – көне әдет-ғұрып, 6 – католиктік бірлестік) діни бірлестік және филиалдар құжаттарын тапсырды.

Облыстағы ең көп конфессияның өкілдері саналатын «Қазақстан мұсылмандарының діни бірлестігі» республикалық исламдық діни бірлестігінің филиалдарының қайта тіркеу жұмыстары 14-тамыздан басталған. Нәтижесінде 189 мешіт тіркеу және қайта тіркеу рәсімінен сәтті өтті. Олардан басқа облыс көлемінде 20 намазхана жұмыс істесе, бүгінгі күні 14 мешіттің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Орыс православиелік шіркеуінің 36 діни бірлестігі бар. Олардың барлығы тіркеу және қайта тіркеуден өтті. Бұған қоса православиеліктер 15 шағын шіркеуде діни салт-жораларын өткізетін болады.

4 көне әдет-ғұрып шіркеуі, 36 протестанттық бірлестік пен филиалдар тіркеу және қайта тіркеуден өтті. Дәстүрлі емес конфессиялар өкілдерінен Өскемен мен Семей кришна санасындағы қауымдары қайта тіркелді. Облыс аумағында жұмыс істейтін 6 католиктік шіркеу халықаралық келісімнің негізінде қайта тіркеледі.

– Ал құжаттарын тапсырмаған немесе тапсыра тұрып тіркеуден өте алмаған бірлестіктер бар ма?

– Құрылтай құжаттарына, яғни Жарғы, әдебиет, бастамашы азаматтардың тізімі тиісті діни сараптамадан өткеннен кейін 5 протестанттық бірлестікке қайта тіркеуден бас тартылды.

74 діни бірлестік және филиалдар қайта тіркеуден өтуге құжаттарын тапсырған жоқ. Олардың ішінде 16 ислам бағытындағы, екеуі православиелік, біреуі иудаизм, 4 дәстүрлі емес, 51 протестанттық бағыттағы бірлестіктер. Бұл ұйымдар жаңа Заңның талаптарына сәйкес сот тәртібімен таратылады. Олардың жабылуының негізгі себептері - ғибадат үйлерінің тозуы, жамағатының аздығы, бастамашы азаматтар санының қажетті деңгейден төмендігі.

Заңның 12-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының кемінде елу азама¬тының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, республи¬калық маңызы бар қаланың және астананың шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады.

– Мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу кезінде бірлестіктер тарапынан қандай да бір заңға қиыс әрекеттер болған жоқ па?

– Атқарылған жұмыстар барысында діни бірлестіктер тарапынан жіберілген бірқатар кемшіліктердің болғаны рас. Мысалы, кейбір бірлестіктер бастамашы азаматтардың тізімін жасағанда тұлғалар туралы мәліметтерді қате көрсете салған. Тізімге діни бірлестіктерге мүлдем қатысы жоқ тұрғындарды, еліміздің азаматтығын алмаған тұлғаларды енгізгені анықталды. Бірақ мұның бәрі біздің департамент қызметкерлерінің, тиісті сала мамандарының назарынан тыс қалған жоқ.

Жарғылар күрделі түзеуді қажет етті. Себебі, олардың кейбіреулері діни нанымдардың мәнін, салт-жораларын, діни бірлестік қызметінің мақсаттарын, нысандарын және әдістерін толығымен көрсетпеді. Діни сараптамаға ұсынылған кейбір әдебиеттер діни нанымның тарихын және мәнін ашпады.

Осындай кемшіліктер түзетілгеннен кейін ғана діни бірлестіктерге тіркеуден және қайта тіркеуден өтуге жол берілді.

– Республика аумағында жүргізілген бұл науқаннан кейін өңірдегі қанша діни бірлестіктің қызмет етуіне рұқсат берілді? Олардың қатары азайды ма, әлде көбейді ме?

– Азайды. Діни бірлестіктер және филиалдар саны қайта тіркеу рәсімдерінің басындағы жағдаймен салыстырып қарағанда 278 субъектіге дейін төмендеді немесе 24%-ға кеміп отыр.

Осы арада айта кетуіміз керек, жалпы діни бірлестіктерді қайта тіркеу рәсімі Қазақстан Республикасының дін саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес өтті. Біздің еліміз Қазақстан зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан барлық діни бірлестіктердің заңға сәйкес тіркеуден өтулеріне бірдей мүмкіндік жасалды. Егер қандай да бір діни бірлестік құжаттарын тапсырмаған болса онда ешкімге өкпе арта алмайды. Тіркеу уақыты аяқталды. Тіркелмеген бірлестіктер «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның талаптары бойынша сот шешімімен қызметтерін тоқтатады.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив