Өскемендегі төбелескіш қыздың анасы қызметінен кетті
Әлеуметтік желіде көпшіліктің талқысына түсіп, үлкен резонанс тудырған Өскемен қаласындағы қыздар төбелесіне әлі де нүкте қойылмай тұр.
Оқиғаға қатысы бар бойжеткендер қазіргі күні мектепте білім алып жатыр. Алайда олар оқитын мектептегі басқа балалардың ата-аналары қыздарды мектептен шығаруды талап етіп жатқан көрінеді. Бұл туралы “Не Молчи” қорының басшысы Дина Смаилова жазды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін оқушылардың мектептен шығарылмайтынын, 9-сынып оқушысы болғандықтан мектепті бітіруге мүмкіндік берілетіні туралы жазған болатынбыз.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова қазір қыздардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, мәселенің мән-жайы анықталып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ қыздардың бірінің анасы қалалық білім бөлімінде, ал әкесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс істейтіні туралы да ақпарат тараған болатын.
Оқиғаға байланысты мектеп директорлары да қатаң сөгіс ретінде тәртіптік жазаға тартылған. Яғни, құрдастарын соққыға жыққан бойжеткендер әртүрлі мектепте, атап айтқанда №44, №5 мектептер мен колледжде оқиды екен. Ал соққыға жығылған қыз қаладағы колледждердің бірінің төменгі курс студенті екені белгілі болды.
Ал №5 мектептің директоры оқиғаға қатысты ақпарат беруден бас тартып, басын ала қашты. Полициядан да дәл солай бір тұшымды жауап ала алмадық.