Қалаларымыз нашар көрінеді. Әкімдер жаяу жүруі керек – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес барысында қалаларды абаттандыруға барынша назар аудару керектігін айтты.
Мемлекет басшысы әкімдерді жаяу жүруге үндеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Қалаларымыз нашар көрінеді, мойындауымыз керек. Ойын алаңдары жабдықталмаған, үйлердің тозығы жеткен. Бюджеттері әлдеқайда аз болса да, шетелдегі, әсіресе Шығыс Еуропадағы, Балқандағы қалалар өте әдемі көрінеді. Бұл муниципал биліктің жұмысы болса керек, екінші жағынан, бұл – қала тұрғындарының тұрғылықты жеріне деген көзқарасы. Қала тұрғындары өз көшелері мен үйлеріне немқұрайды қарайды деген мәселе туындап тұр. Ал бұл еліміздің имиджі мен беделін түсіреді. Айтпақшы, мұндай мәселе елордаға да қатысты, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елорданың биік мәртебесіне қаланың орталығы ғана емес, оның шеткі бөлігі де сай болуы керегін бірнеше рет айтқанын еске салды.
– Мұнда барлық деңгейдегі әкімдер бар. Мәслихат өкілдері. Назар аударыңыз. Жақында теледидардан Семейдегі балалар алаңы туралы сюжетті көрсетті. Бұл алаңды пайдалану қауіпті. Әкімдер өз қалалары мен елді мекендерінде жаяу жүруі керек. Бұл елордаға да қатысты, – дейді Президент.
Оқи отырыңыз