KZ
Өскемен
-4°
ясно жел 1 м/с, С
495.95 524.37 4.98

ШҚО-да тарихшы-өлкетанушылар форумы өтті

Фото: Тілеубек Шаяхмет

30.05.2023, 09:15 337

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясында «Қағазда қалған халықтың қайғысы» тақырыбында тарихшы-өлкетанушылар форумы өтті.

Шараға РҒА СБ Тарих институтының, ШҚУ ғалымдары, облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының мемлекеттік архив қызметкерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмыс топтарының басшылары мен мүшелері қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

 Естеріңізде болса, ел Президенті 2020 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

  Конференцияға қатысушылар Б.Мамраев атындағы ғылыми кітапхана ұйымдастырған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» кітаптар көрмесімен танысып, сондай-ақ ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының «Мемлекеттік мұрағат» КММ ұсынған «Память, которой не будет забвенья» бейнекөрсетілімін тамашалады.

– Қаһарлы жылдардағы қасіретті сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Сол уақытта көрген қазақ халқының қорлығына тарихи құжаттар мен фактілер де дәлел. Дегенмен, осындай танымды шаралар арқылы біз тарихтың ақтаңдақ тұстарын қайта қарап, маңызды мәліметтерді жарыққа шығарып, толықтыра аламыз. Ең бастысы, осы жерде көтерілген мәселелер жас ұрпақтың санасына жетуі тиіс. Ал ол – әсіресе тарихшы ұстаздарға, оқытушыларға жүктелген жауапты міндет, – деді Аmanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген.

Шара барысында белгілі қазақстандық телеоператор Саид Фазыловтың «Восхождение в бессмертие» деректі фильмі ұсынылды. Форумда мұрағаттық зерттеулерді дамытудың өзекті мәселелері, тарихи зерттеулердегі цифрлық технологияларды дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу