ШҚО әкімдігінің мәжілісінде бюджет қаражатын игеру мәселесі қаралды
Былтыр облыс бюджетінен бөлінген қаражатты игеруде төмен нәтиже көрсеткен екі қала мен бір аудан бар. Олар – Өскемен, Риддер және Самар.
Бұл жөнінде облыс әкімдігінің мәжілісінде қаржы басқармасының басшысы Светлана Большакова айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Глубокое, Зайсан, Күршім және Алтай аудандары, керісінше, мүлтіксіз жұмыс атқарған. Нәтижесінде 99,9 пайыз көрсеткіш тіркеліп отыр.
Өскемен қаласы мен Самар ауданында жарықтандыруға бөлінген қаржы игерілмей қалған. Риддер жақтағы Бутакова елді мекенінде сумен жабдықтау ісі жолға қойылмапты. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев аталған қала-аудан әкімдерін қатаң сынға алды.
Дәл осы мәселеге келгенде, ақсап тұрған басқарманың бірі – құрылыс, энергетика және ТҮКШ. Естеріңізде болса, біраз уақыт бұрын Марқакөл мен Үлкен Нарында денешынықтыру және сауықтыру кешені салынады деп жоспарланған еді. Светлана Большакованың айтуынша, құрылыс басқармасы осы іске қатысты мәселені шеше алмай, тиісті қаражатты игере алмай келеді.
Өңір басшысы Ермек Көшербаев өзінің бірінші орынбасары мен аппарат басшысына тапсырма берді. Бір апта ішінде бұл мәселелердің мән-жайы анықталып, нақты шешім ұсынылуға тиіс.
Сондай-ақ облыс әкімі алдағы уақытта бюджет қаражатының игерілу туралы мәліметтерді ақпарат ресурстарына жариялап отыруды ұсынды.