KZ
Өскемен
облачно с прояснениями жел 4 м/с, В
491.71 529.97 5.05

Семей қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген 1,7 млрд. теңге игерілмей тұр

7.11.2017, 04:46 202

Семей қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген 1,7 млрд. теңге игерілмей тұр. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде айтылды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов қала әкіміне бұл келеңсіздікті жыл аяғына дейін жоюды жүктеді.


Жиында негізінен үш мәселе қаралды: міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық барысы, «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асу қарқыны және «Адвокат қызметі мен заңдық көмек» туралы Заңға енетін өзгерістер.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов жаңа жүйеге дайындық ел арасында түсіндіру жұмыстарымен қатар жүріп жатқанын айтады. Бұл іске «Дидар» газеті де бір адамдай атсалысып, 500 мың таралыммен арнайы шығарылым ұйымдастырған болатын.

Қарапайым халыққа жаңа жүйенің ерекшеліктері жайында ақпарат арнайы құрылған Call-орталық арқылы да түсіндірілуде. Осы Call-орталық арқылы облыс бойынша 1,3 млн адам медициналық қызмет алушы ретінде тіркеліпті.


Биылғы жазда республика бойынша міндетті медициналық сақтандырудың қоры құрылған. Соңғы деректер бойынша 15 млрдтан астам теңге қаржы жиналыпты. Шығыс Қазақстанның үлесі – 1,2 млрд. теңге. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысынан кейінгі төртінші орында. Соңғы мәліметтерге сенсек, облыс аумағында міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне 356 209 адам енген. Оларға 147 медициналық ұйым қызмет көрсетпек. Мұндағы жекеменшік мекемелердің саны – 67.


-Қоғамның әлсіз топтары үшін міндетті сақтандыру жүйесіне ену мерзімі 2020 жылға шегерілуі мүмкін. Министрлік осындай ұсыныс жасап отыр. Яғни, 2020 жылдың бірінші қаңтарына дейін әлсіз топ өкілдерінен медициналық сақтандыру жарналары талап етілмейді. Ал жұмыс берушілер үшін 2018 жылы әлеуметтік салық 1,5 пайызға азаюы мүмкін, - дейді Марат Шоранов.


Облыс әкімі әлеуметтік әлсіз топтардың шынайы тізімін түзіп, олардың төлем қабілетіне терең сараптама жүргізу қажеттігін ескертті.


-Статистикаға сүйенсек, біздің өңірде 460 мың адам жалдамалы жұмыста істейді екен. Бұл санды мемлекеттік кірістер департаментінің деректерімен салыстыру керек. Нақты тізім құрылғаннан кейін барып, олардың төлем қабілетін анықтау керек болады. Ертең медициналық сақтандыру жалпыға ортақ міндетке айналған кезде дәл осы тұстан қиындықтар шығады, - деді ол.


«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасының іске асу барысын құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Фархат Шорабай баяндады. Биыл бұл бағдарлама бойынша бес бірдей білім ошағы бой көтеруі тиіс болған. Ол үшін 3,1 млрд теңге қарастырылған.


Аягөз қаласындағы 600 орындық екі мектептің бірінде құрылыс кестеден кешігіп, бөлінген қаржының 36 пайызы игерілмей келеді.


Осы бағдарлама бойынша 2017-2018 жылдарда жалпы құны 5,7 млрд теңге болатын 11 инженерлік жоба жүзеге аспақ. Оның жетеуі биыл бітуі тиіс.


-Семей қаласында қолға алынған төрт жобаның қаржысы сылбыр игерілуде. Кестеге сүйеніп айтсақ, қаржы игеруде 1,7 млрд теңгедей қалып келеді, - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмат Арсламбаев.


Осы бағытта 2016 жылдан қалған 10 жоба биыл аяқталуы тиіс болған. Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Абай, Зайсан, Ұлан, Шемонайха аудандарында қолға алынған су жүйесін тарту және жаңалау жобалары аяқталуға жақын.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив