Алтайдың үні – әлем сахнасында: ШҚО өнерпаздары әлемдік сахнада жеңіс тұғырынан көрінді
«Алтай» халық би ансамблі мен «Барқытбел» этно-фольклорлық ансамблі ЮНЕСКО қолдауымен өткен үшінші халықаралық «Тайюань-Франция-Қытай» өнер фестивалінде Гран-при жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағанов халықаралық ЮНЕСКО фестивалінен абыроймен оралған «Алтай» би ансамблі мен «Барқытбел» этно-ансамблінің өнерпаздарымен кездесті. Айта кетейік, биыл «Алтай» ансамблі өзінің 5 жылдық мерейтойын атап өтуде. Халықаралық деңгейдегі бұл жеңіс ұжымның таланты мен табандылығының, өнерге деген адалдығының айқын көрінісі болып отыр.
Қазан айының алғашқы аптасында Қытайдың Шаньси провинциясындағы Тайюань қаласы мәдениеттің ошағына айналды. ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұралар комитеті ұйымдастырған халықаралық «Ганнат» өнер фестивалі бір апта бойы 15-тен астам елдің 500-дей өнерпазын тоғыстырды. Сол биік деңгейдегі мәдени жиында ел атынан Шығыс Қазақстан облысының мақтанышына айналған «Алтай» би ансамблі мен Тарбағатай ауданынан шыққан «Барқытбел» этно-ансамблі ел намысын абыроймен қорғады.
Фестивальге АҚШ, Франция, Перу, Польша, Малайзия, Тайланд, Грузия, Австралия және өзге де он беске жуық елден келген қатысушылар өз ұлттарының өнерін, дәстүрін, биі мен әуенін ұсынды. Солардың ішінде қазақ өнерпаздарының сахнадағы шынайылығы мен рухы қытай көрермендерін ерекше әсерге бөледі.
Қазақстандық делегация құрамында ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілі, профессор Д. Ғалымов, «Алтай» би ансамблінің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Тимур Қожахметов, «Барқытбел» этно-ансамблінің жетекшісі Аян Садуақасов, сондай-ақ ШҚО филармониясының өнерпаздары Ақжол Есімқанов пен Гүләйым Талаптанова болды.
Фестиваль күндері қазақстандық ұжымдар қытай көрермендері алдында 24 жеке концерт, ал жалпы фестиваль аясында 40-тан астам өнер көрсетілімін ұсынды. «Алтай» би ансамблінің сахнадағы әрбір қимылы, әрбір би композициясы «Барқытбел» ансамблінің жанды әуенімен көмкеріліп, қазақ халқының болмысын, даланың кеңдігін, рухтың биіктігін бейнеледі.
Фестивальдің басты ерекшелігі «Құс қалашығында» өтуі. Бұл – б.з.д. XII ғасырда салынған, Минь дәуіріне тиесілі сәулет ескерткіші, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген бірегей тарихи нысан. Заманауи инфрақұрылым негізінде қаланың орталық алаңдары Бродвей, Дижон және Бургундия сахналарына айналып, өнер мен мәдениеттің шынайы мерекесін сыйлады. Көрерменнің мәдениеттілігі мен өнерге деген құрметі, сахна мен зал арасындағы рухани үндестік қазақстандық ұжымдардың ерекше әсерленуіне себеп болды.
ЮНЕСКО-ның халықаралық «Ганнат» фестиваліне қатысу – қазақ мәдениетінің әлемдік кеңістіктегі беделін арттырған айрықша оқиға.
Шығыс Қазақстанның қос ұжымы – «Алтай» би ансамблі мен «Барқытбел» этно-ансамблі – өз өнерімен ел намысын қорғап қана қоймай, қазақ руханиятының өрісін кеңейтіп, әлемге Алтайдың үнін, Тарбағатайдың сазын, қазақтың киесін танытты.
Айдос Мырзахметов
Евгений Щетников
Махаббат Ахметжанова















