"Аумақ бос жатыр". Өскемендегі зооботаникалық парк кеңейтіледі
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өскеменде ландшафты зооботаникалық парк құру жөніндегі жаңа жобаны іске асыру жоспарымен танысты.
Қазіргі уақытта облыс орталығындағы хайуанаттар бағының экспозициялары өте аз аумақты алып жатыр. Шамамен 1 га құрайды. Мамандардың айтуынша, келушілердің 70%-ы саябаққа осы жануарларды көру үшін келеді екен. Сондықтан хайуанаттарға әлемдік үлгілерге сай келетін орта мен жақсы жағдай жасау аса маңызды.
- Айта кету керек, сол жағалаудағы саябақ кешенінің ішінде осындай саябақ жабдықтау үшін қолайлы аумақ бос жатыр. Ең бастысы, бізде жануарлардың табиғи мекеніне сай келетін экспозициялар жасау үшін барлық жағдай бар. Қалай дегенмен, ШҚО алуан түрлі фауна мен флорасы бар бірегей өңір. Бүгінгі таңда елде мұндай бағытта жұмыс істейтін хайуанаттар бағы жоқ. Ал саябағымыздағы тиісті дәрежедегі инфрақұрылым бұл жұмысты біршама жеңілдететіні сөзсіз, - деп атап өтті облыс басшысы.
Өңірдегі мамандар Ресей мен Еуропаның бірқатар хайуанаттар бағының жұмысымен танысыпты. Германиядағы Берлин және Гамбург зоопарктеріне, Стокгольмдағы "Skansen" және Швециядағы "Nordens Ark", сондай-ақ Финляндиядағы "Korkeasaari"-де болды.
Сонымен қатар, биыл этноауылдың орталық бөлігі қайта жөндеуден өтеді. Мұнда Жидебайда тұрған Абай музей-үйінің көшірмесі жасалады.