Өскемендік тәртіп сақшылары қан тапсырды
Фото: Өскемен қаласының ПБ парақшасынан алынды
27 маусымда Өскемен қаласының полиция басқармасының қызметкерлері ерікті түрде қан тапсырып, көшпелі акцияға қатысты.
Көшпелі акцияны ШҚО қан орталығы ұйымдастырған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыстық қан орталығының көшпелі бригадасы Өскемен қаласының ПБ ғимаратында қан тапсыру пунктін ашты. Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда акцияға кез келген адам қатыса алды. Қан тапсырар алдында қызметкерлер міндетті медициналық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайынан хабар беретін сауалнама толтырды.
Дерекке сәйкес, бұл – полиция қызметкерлері қан доноры болған бірінші жыл емес. Олар әрдайым осындай акцияға қатысатын көрінеді. ШҚО қан орталығының қызметкерлерінің айтуынша, еріктілер қатарында полицейлерді көру қуантады. Себебі олар үнемі медициналық тексеруден өтеді, олардың денешынықтыру дайындығы жақсы дейді мамандар.