Өскеменде тағы бір аула абаттандырылды
Облыс орталығында тағы бір ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталды.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Гоголь көшесі мен Шәкәрім даңғылының қиылысында жаңа балалар және спорт алаңы орнатылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аула тұрғындары су жаңа алаңның ашылғанына дән риза.
- Ауламыз да, сапасы да толықтай көңілімізден шығады. Балаларымыз да бос уақытында осы жаңа алаңда уақыт өткізеді. Бізде тағы бір өтініш бар. Біз үйіміздің қасбеті жөнделгенін қалаймыз, - деп өтініштерін білдірді тұрғындар.
Айта кету керек, ағымдағы жылы облыстың бас шаhарында «100 қасбет» жобасы қолға алынған болатын. Үш жылға жоспарланған жобаның алғашқы жылында 34 ғимараттың қасбеті боялған.
- Бұл бағдарламаны біз кезең-кезеңімен жүзеге асыратын боламыз. Келесі жылдың жобасына қаладағы тарихи аудандардың бірі ретінде Шәкәрім даңғылы міндетті түрде кіреді. Бірақ үйдің қасбеті жөнделмес бұрын, сіздер үйдің шатырына жөндеу жұмыстарын жүргізулеріңіз қажет. Себебі ертеңгі күні жауын-шашын кезінде су ағып, боялған қасбетті су шайып кетпеуі үшін ол өте маңызды, - деп атап өтті қала әкімі Жақсылық Омар тұрғындармен кездесу барысында.
Оқи отырыңыз