"Соңғы үкім" көрерменге ой салды — Өскемен (видео)
Қазақтың ұлы гуманист-күрескері Ахмет Байтұрсынов туралы жаңа фильмді өскемендіктер жаппай тамашалады. Толықметражды тарихи драма ұлт ұстазының қилы тағдырын, өмір жолының мәлім де беймәлім қырларын бейнелейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бір байқағанымыз, туынды авторлары ауыл мұғалімінің бейнесі арқылы ұлт тағдырын тұтас көрсете білген.
- Бір фильм арқылы бүкіл тарихты қамту мүмкін емес. Десе де, біз осы екі сағаттық фильмде қазақ зиялыларының басынан кешкен қасіретті тағдырын көрсетуге тырыстық. Туынды жастарға рух берсін, өткен тарихты өскелең ұрпаққа насихаттасын деген мақсатпен түсірілім жұмыстарын бастаған едік. Ұлы күрескерлерге арналған фильмдер жарыққа шыға берсін, - деді фильм сценарийінің авторы, продюсер Ғалым Доскен.
Фильмде Алаш арыстарының қайраткерлігімен жарық көрген "Қазақ" газетінің шығу барысы арқылы да біршама тарих баяндалыпты. Алаш арыстарының ұстанымы, көзқарасы анық бейнеленген.
- Әлихан Бөкейхановтың рөлін сомдау оңай емес. Дегенмен барымды салып, тұлғаның болмысын ашуға тырыстым. Бұл фильм арқылы ұлт тарихы баяндалып, қасіретті жылдардың көрінісі бейнеленеді. Алаш арыстарының қайреткерлігінен жастар үлгі алсын деген ниетіміз бар, - дейді Әлихан Бөкейхановтың рөлін сомдаған актер Айдар Наурызбаев.
Иә, фильмнің ой салар тұсы көп болды. Көпшілікті күрсіндіретін де, толғандыратын көріністер бар.