KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, Ю
477.62 527.67 5.25

Өскеменде тау шаңғысы курорты салынып жатыр

20.08.2024, 15:08 118 Ләззат Қанатқызы

Шығыстың бас шаһарында тағы бір тау шаңғысы курортының құрылысы жүргізіліп жатыр. Алайда жаңа базада тек мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушілері жаттығады, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.

Согра ауылында орналасқан нысан бір ауысымда 100 адамды қабылдай алады.

- Құрылыс жұмыстары маусым айында басталған. Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу, қабырғаларды сылау, плиткаларды орнату, қасбет жұмыстары, сонымен қатар сыртқы инженерлік желілерді орнату жұмыстары жүргізілуде, - дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Қарлығаш Айтқазынова.

Қазір тау шаңғысының құрылысын «Еңбек» РМК жүргізіп жатыр. Қаржыландыру жергілікті бюджеттен бөлінді. Мердігер компанияның айтуынша, өткен қыс мезгілінде мұндай қар мөлшері өте аз болған. Ондай қиындықтар туындамас үшін міндетті түрде 3 қар генераторы орнатылмақ.

- Жоба бойынша бір қабатты әкімшілік ғимараты, су қоймалары, қар жинайтын сорғы станциясы, №1 және №2 шаңғы көтергіштері, қар генераторы қарастырылған. Қазір жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, - деді мердігер компания өкілі Еркебұлан Қалыбеков.

Айта кету керек, Өскеменде ашылатын тау шаңғысы курортында бүлдіршіндер 4 жастан бастап жаттыға алады. Спорт ғимаратының меңгерушісі осы уақытқа дейін база жаттықтырушылар мен ата-аналардың көмегімен жұмыс істеп тұрғанын айтады.

- Үш жыл бұрын осы жерде өрт болып, біз өз күшімізбен қалыпқа келтірген болатынбыз. Жаттықтырушылар мен ата-аналар көп көмектесті. Ескі үйдің орнына вагондар әкеліп, электр қуатын қостық. Балалар сол вагонда киім ауыстыратын. Қазір заманауи кешен салынып жатқаны, әрине, қуантады. Бұрын мұнда тіпті ауыз су болмаған. Бой көтеріп жатқан ғимаратта киім ауыстыратын, жуынатын, құрал-жабдықтар сақтайтын арнайы бөлмелер қарастырылған, жарықтардыру жұмыстары да жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналар бұрын балаларын көлікте отырып күтетін. Енді жылы, жарық ғимаратта баласының жаттығудан шыққанын күте алады, - дейді  Сергей Шарапов.

Нысан ағымдағы жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілуі тиіс.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив