KZ
Өскемен
-8°
пасмурно Штиль
523.86 544.34 5.11

«Котлован» маңынан 200 қап қоқыс шығарылды - Өскемен

Нелли Петенева

4.09.2024, 13:18 199

Өскемен жұртшылығы «Котлован» деп атап кеткен жағалаудан 200 қап қоқыс жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыста «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өзен-көлдердің жағасын тазалау жалғасып жатыр. Бүгін шаһар тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған «Котлован» маңайы тазартылды. Жағалау маңындағы қоқыстарды жинауға жиыны 70-ке жуық адам қатысты. Олардың ішінде жуықта ғана «Miss Оskemen - 2024» сұлулық байқауының жеңімпазы атанған ару да бар.

Котлованға өскемендіктер жиі келеді. Алайда демалушылардың көбі қоқыстарды жинамайды. Сондықтан да жағалау сүреңсіз болып тұр. «Miss Оskemen» байқауының ұйымдастырушылары мен қатысушылары тазалық  акциясын қолдауға келдік, - дейді  «Miss Oskemen – 2024» байқауының жеңімпазы Бағым Балтабаева.

Облыс орталығында 100-ден астам эко-шара өтті. Акция басталғалы 492 аумақ тазаланып, 3871 шаршы метр қоқыс шығарылды. "Қазақстан" тауында 500 көшет егілді. Игі шараға шаһар тұрғындары белсене қатысуда.

– Балалық шағымыз осы Котлованда өтті деуге болады. Мұнда біз жүзуді үйрендік, отбасылық демалысты жиі өткізіп тұратынбыз. Жылдар өте келе жұртпен бірге қоқыс та көбейді. Әрине, әр демалыстан кейін қоқыс жинаймыз, дегенмен барлығын бақылауда ұстау мүмкін емес. Бүгін көппен бірге акцияға қатысып, арқамнан жүк түскендей болды, - дейді қала тұрғыны Ангелина Сидоренко.

Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын өңір басшысы Ермек Көшербаев, әлі жабдықталмаған жағажайдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қалалық әкімдікке міндеттеген болатын. Бүгінде су қоймаларындағы жағдайды жақсарту мақсатында ауқымды жобалар дайындалуда.

Акцияны 13 апта бойы өткізіп келеміз. Облыстағы әр ауданда қоқыстар жиналды. Бүгін «AMANAT» ШҚО филиалы мен қалалық әкімдік бірлесіп табиғат жанашырларымен жағалау маңын тазалауға келдік. Жалпы тазалық акциясына өз елін, жерін сүйетін кез келген адам қатысуға тиіс деп есептеймін, - дейді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының баспасөз хатшысы Тәттімбек Асхан.

Экоакцияны ұйымдастырушылар көктемде басталған экологиялық акция алғашқы қар түскенше жалғасады деп отыр.


Балауса Қожаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу