Жылу беру кезеңіне 9 млн тонна көмір қажет
Қазақстанда биылғы жылу беру кезеңінде халық пен коммуналды-тұрмыстық сектордың қатты отынға деген жоспарлы қажеттілігі шамамен – 9 млн тонна.
ҚР ИИДМ халықты көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев алдағы 2023-2024 жылдар кезеңіне арналған жылыту маусымына дайындық туралы айтып берді.
Министрдің айтуынша, биылғы жылу беру кезеңінде халық пен коммуналды-тұрмыстық сектордың қатты отынға деген жоспарлы қажеттілігі шамамен – 9 млн тонна. Ведомство аталған уақытқа дайындықты күшейту үшін көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын (оның іске асырылуы мерзімімен бірге) әзірлеп, жергілікті атқарушы органдарға жолдап отыр.
ЖАО-дың жедел деректері бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен – 14 мың шақырым. Осы ретте жылу инфрақұрылымының тозуы Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында сақталып отырғанын еске сала кетейік.
Министрліктің коммуналды меншігіндегі жылу желілерін жаңғыртуға келсек, бұл мақсатта қаржыландырудың үш тетігі іске асырылып жатыр: нысаналы трансферттер арқылы, бюджеттік кредит бөлу және шығындарды 50%-ға дейін субсидиялау жолымен.