Елде әскери қызметтің жаңа түрі енгізіледі
Фото: egemen.kz
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасында әскери қызметтің жаңа түрін — резервтегі қызметті енгізу ұсынылады, деп хабарлайды Altaynews Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Заң жобасына сәйкес резервтегі қызмет - бұл аумақтық қағидаты бойынша (тұрғылықты жері бойынша) әскери қызметтің ерікті түрі.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодекске резервтегі жауынгерді әскери құқық бұзу субъектісіне жатқызу бойынша өзгеріс енгізіледі. Еңбек кодексіне жұмыс беруші мен резервтегі әскери арасындағы еңбек қатынасын реттеу бойынша түзету жасалады. Ал «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға резервтегі әскери адам мәртебесін, оның құқығы мен міндетін белгілеу, резервтегі әскеридің міндетін орындау кезеңін айқындау, резервте қызмет өткеру бойынша өзгеріс енгізіледі.
Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдарына мемлекеттік қызметшінің резервте қызмет ету мүмкіндігі бойынша өзгеріс жасалады.
Оның сөзіне қарағанда, бұл іс-шараларға қаражат республикалық бюджет есебінен қарастырылады. Біріншіден, тиісті сабақтар кезінде ай сайын ең төменгі жалақы төлеу ескерілген. Екіншіден, жауынгерлік жиындар кезінде орташа жалақы төлеу жоспарланған.
Таратылған мәліметке қарағанда, резервке адамдар ерікті түрде тартылады. Оларға денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады. Сонымен қатар, офицерлер 60 жасқа дейін, ал сержанттар мен сарбаздар 50 жасқа дейін болуы керек. Резервтегілер дайындықты әскери бөлімдерде өтеді және оларға тиісті қару-жарақ пен техника бекітіледі.