Қамшы ілу қандай дәстүр?
Фото: guns.allzip.org
Жыл айналып, Наурыз мейрамы да келіп жетті. Бұл күндері ұлттық құндылық ұлықталып, аз уақыт болса да төрге шығатын шақ. Осы орайда оқырман қауымға байырғы баба дәстүрден сый тартып, салт-дәстүр жайлы ақпарат беріп отыруды жөн көрдік.
Қазақта қамшы ілу дәстүрі болғанын білесіз бе? Білмесек оқып, ұрпаққа үйрете жүрейік. Қазақ құда түсуді көздеген үйінің керегесіне қамшы іліп кететін болған. Сондай-ақ қамшыны бүлдіргесінен салақтатып ілмеген. Ол үй иесінің жоқтығын білдіреді. Ал қамшы сынса жаман ырымға балаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қамшы қазақтың тұрмыс-тіршілігінде өзіндік маңызға ие болған. Тіпті, ел ішіндегі үлкен даулардың өзінде ортаға қамшы тастап, бір-бірін тоқтатып отырған.
Қамшы ілу дәстүрі – құдалық, құда түсу жолында жасалатын таза қазақи ұғымды көрсететін жоралғылардың бірі. Ұлына қалыңдық іздеген әкесі бойжеткен қызы бар әулеттерді іздестіре бастаған. Болашақ құдаларының тегін білмекке ыждаһаттылықпен сұрастырған. Ал қызы ұнап, сөз байласқысы келсе, үйдің оң жағындағы керегеге қамшысын іліп кеткен. Сол қамшыны көрген қыз да өзін келін болуға дайындайды. Қамшының қалай жасалғанына қарап-ақ құда түскелі отырған әулеттің деңгейін болжаған. Салт бойынша қыз әкесі өз жауабын беруге тиіс. Егер қарсылық білдірсе, елші арқылы қамшысын қайтарып береді. Бұл дәстүр «қамшы қайтару» деп аталған. Қамшы іліп кетуінің бір себебі - қамшының сабындай қысқа ғұмырда екі жас бақытты ғұмыр кешсін дегені.
Сондай-ақ білекті жігіттердің арасында «қамшы ойыны» деген де болған. Олар өгіз терісін қамшымен ұрып, тіліп түсу арқылы қолдарының күшін сынайды.
Ежелден баласының санын ашық айтпайтын халқымыз, шаңыраққа ілінген қамшыға қарап-ақ қанша баласы бар екенін білген. Қамшының безендірілуіне қарап неше ұл, неше қыз екенін аңғарған. Себебі қыздың қамшысы асыл тастармен көмкеріліп, көз тартарлықтай әдемі болған. Негізінен қамшы қайырылып ілінеді. Ал салбырап ілінген қамшы ол үйдің ері жоқ екенінен хабар береді. Қамшы сынса жаман ырымға балаған.
Қамшы жасалуы мен қолданылуына қарай бірнеше түрге бөлінеді: сүндет қамшы, неке қамшы, баптау қамшы, бәйге қамшы, аңшы қамшы, көкпар қамшы, үйір қамшы, барымта қамшы, дойыр қамшы, ноғай қамшы, бәсіре қамшы. Әрбір қамшының өзіндік мәні мен маңызы да бар.
Міне, осыдан бабаларымыз бір қамшының өзіне қаншама құндылықты арқау еткенін көруге болады.