Наурыз айында елімізде тұрғын үй бағасы қалай өзгерді?
Фото: ru.freepik.com
Ұлттық статистика бюросы наурыз айында Қазақстандағы тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі туралы деректерді жариялады.
2023 жылдың наурызындағы көрсеткіштермен салыстырғанда өткен айда жаңа тұрғын үйлер бағасы 1,3%-ға өсіп, қолданыстағы пәтерлердің бағасы 2,3%-ға төмендеді, ал үйді жалға алу төлемі болса 2,3%-ға жоғарылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтөбе (8,9%) және Қызылорда (7,1%) қалаларында айтарлықтай қымбаттады.
Қолданыстағы пәтерлер нарығында Атырау (10,8%), Талдықорған (8,8%) қалаларында, ал тұрғын үйді жалға алу нарығында Қарағанды (23%), Жезқазған (22,4%), Атырау және Талдықорған қалаларында (әрқайсында 21%-дан) баға айтарлықтай өсті.
Наурыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 26 389 мәміле тіркелген, оның ішінде жер үйлер бойынша 5 574 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 20 815 мәміле жасалды.
Ақпанмен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 13,6%-ға азайды.
Мәмілелер саны бойынша, бұрынғыдай Алматы (5 191 – 19,7%) және Астана (5 012 – 19%) қалалары, сонымен қатар Қарағанды облысы (2 071 – 7,8%) көш бастап тұр.
Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым, наурыз айында олар бойынша 8 067 мәміле рәсімделген.