Кейбір қазақстандықтарға ай сайынғы несие төлемі екі есе азаяды
depositphotos.com
Мәжілісте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымова қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды одан әрі күшейту жөніндегі шараларды ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әбілқасымованың айтуынша, мүгедек адамдардың және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, заңнамалық деңгейде қаржы ұйымдарының биылғы 1 шілдесінен бастап енгізілген ұлттық стандартты ескере отырып, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қызмет көрсету міндеті енгізіледі.
Бұдан басқа, мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан, сондай-ақ төтенше жағдай енгізу нәтижесінде зардап шеккендерден азаматтарды қорғаудың қосымша шаралары көзделген.
Қарыз алушылардың (жеке тұлғалардың) құқықтарын қорғау үшін банктік қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбы алынбайды. Азаматтардың микрокредиттері бойынша микрокредитті қайтармағаны үшін тұрақсыздық айыбын қоспағанда, кез келген тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға тыйым салынады.
Сондай-ақ сақтандыру сыйлықақысы мөлшерінің 10 пайызы шегінде банктік қарыз немесе микрокредит алу үшін жасалатын сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының шекті мөлшері белгіленеді.