Ұялы құрылғыларды тіркеу жүйесі жаңартылды: қолданушыларға не білу керек?

pexels.com
24 наурыздан бастап Қазақстанда абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл жаңашылдықтар тек 24.03.2025 жылдан кейін елге әкелінген жаңа құрылғыларға ғана қатысты. Бұрыннан қолданыстағы және Идентификациялық кодтар дерекқорына енгізілген телефондар автоматты түрде "ақ тізімге" енеді және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастырады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР ЦДИАӨМ сілтеме жасап.
Негізгі өзгерістер:
-
Тіркеу жүйесін жақсартып, алаяқтықпен күресуге бағытталған.
-
Қазақстанда 3,7 миллион қайталанған IMEI-коды бар құрылғылар анықталған.
-
Заңсыз әкелінген құрылғылар нарығын бақылау күшейтіледі.
Жаңа ережелерге сәйкес тіркеу кезінде арнайы жүйе келесі параметрлерді тексереді:
-
Құрылғының IMEI-кодының түпнұсқалығы.
-
IMEI-кодтың GSMA халықаралық базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде болмауы.
-
Құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгені.
Тіркелу нәтижесінде құрылғылар үш санатқа бөлінеді:
-
Ақ тізім – тіркеуден сәтті өткен құрылғылар.
-
Сұр тізім – уақытша рұқсат етілген құрылғылар (30 күн ішінде заңды екені расталуы керек).
-
Қара тізім – заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар (бұғатталады).
Қолданушыларға әсері:
-
Бұрын тіркелген телефондар өзгеріссіз жұмыс істейді.
-
Жаңа құрылғыларды сатып алушылар IMEI-кодты imei.rfs.gov.kz сайтында тексере алады.
-
"Сұр тізімдегі" құрылғылар 30 күн бойы жұмыс істейді, осы уақыт ішінде пайдаланушы құрылғының заңды екендігін растауы керек.