Наурызда еңбек нарығында белсенділік төмендеді

Фото: Жібек Нұрахмет
2025 жылғы наурыз айында «Enbek» электрондық еңбек биржасында 80,2 мың бос жұмыс орны және 95,3 мың түйіндеме орналастырылды. Алайда ақпан айымен салыстырғанда еңбек нарығында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер тарапынан белсенділіктің төмендегені байқалды. Бос жұмыс орындарының саны 34 пайызға, ал түйіндемелер саны 28 пайызға қысқарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
ЭЕБ деректеріне сәйкес, жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздік сақталып отыр. Жоғары білікті мамандарға арналған бос орындар барлық ұсыныстардың 37 пайызын құрағанымен, бұл деңгейдегі мамандар ұсынған түйіндемелер үлесі 32 пайызды ғана көрсетті. Ал біліктілігі жоқ жұмысшыларға деген сұраныс 14 пайызды құраса, олардың үлесі барлық түйіндемелердің 28 пайызына жетті.
Өңірлік бөліністе де өзгерістер айқын көрініс тапты. Ақпан айымен салыстырғанда Шығыс Қазақстан облысында бос жұмыс орындарының саны 12,9 мыңнан 4,5 мыңға дейін азайып, 65 пайыздық төмендеу тіркелді. Ақтөбе және Атырау облыстарында да тиісінше 28 және 12 пайыз деңгейінде қысқару байқалды. Дегенмен Алматы облысында жұмыс берушілердің белсенділігі салыстырмалы түрде тұрақты қалыпта қалды.
Жұмыс іздеушілер тарапынан да ұсыныс деңгейі төмендеді. Түйіндемелер саны Алматы облысында 31 пайызға, Атырау облысында 22 пайызға, Ақтөбе облысында 17 пайызға қысқарды. Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарында да бұл көрсеткіштер шамамен 15 пайыз деңгейінде төмендеді.
Наурыз айында сұранысқа ие мамандықтар қатарында PR-менеджерлер, медбикелер мен санитарлар болды. Сонымен қатар автобус жүргізушілері, саудагерлер мен сатушы-кеңесшілерге деген сұраныс та өсе түсті.
Бос жұмыс орындары бойынша ең жоғары жалақы бас құрылысшыларға, ұңғымаларды жөндеу шеберлеріне және бұрғылау инженерлеріне ұсынылды. Ал жұмыс іздеушілердің арасында ең жоғары жалақыны өнеркәсіптік жабдықтар бойынша механик, IT саласындағы ғылыми қызметкер және өнімді әзірлеу жөніндегі жобалар жетекшісі сұрағаны байқалды.
Жалпы, наурыз айында электрондық еңбек биржасында тіркелген бос жұмыс орындары мен түйіндемелер санының қысқаруы еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықтың ұлғайғанын көрсетеді.