Іздестірудегі 700-ден астам қылмыскер ұсталды – Бас прокуратура
pixabay.com
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде әділетті мемлекет қалыптастыру бағытында нақты шаралар қабылданып жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Әділеттілік, заң мен тәртіп – болашақ дамуымыздың басты бағдары». Осы мақсатта Бас прокуратура құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қылмыскерлерді іздестіру жұмысын күшейтіп, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету үшін жүйелі іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іздестіруді тиімді жүргізу үшін бірқатар жаңашыл қадамдар жасалды. Нормативтік-құқықтық база жетілдірілді. Енді іздеуде жүрген адам қандай да бір мемлекеттік немесе жеке қызмет алуға жүгінген сәтте, бұл туралы іздеу жариялаған орган автоматты түрде хабардар болады.
Бет-әлпетті танитын бейнебақылау камераларының мүмкіндігі кеңейтілді. Қоғамдық орындарға 3 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, олар арқылы 2024 жылы 72 қылмыскер ұсталды. Соның ішінде 15 жылдан астам уақыт бойы іздеуде болған аса қауіпті қылмыскер Алматы қаласында қолға түсті.
2024 жылы кісі өлтіру, алаяқтық, қаржылық пирамида ұйымдастыру, есірткі саудасы сынды ауыр қылмыстар бойынша халықаралық іздеуде болған 28 адам шетелден елге қайтарылды.
Жыл басынан бері барлығы 706 іздестірудегі адам ұсталды. Оның ішінде:
- 14 адам – кісі өлтіргені үшін,
- 13 адам – есірткі саудасы үшін,
- 34 адам – тонау үшін,
- 141 адам – алаяқтық үшін,
- 269 адам – ұрлық үшін жауапқа тартылды.
Бұл нәтижелер іздестірудегі адамдардың жалпы санын 2226-дан 2123-ке дейін, яғни 4,6%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар ұстау тиімділігі 63,7%-ға дейін артты.
Құқық қорғау органдары мен прокуратура органдары қылмыспен күресті күшейтіп, заң мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыра береді.