KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 9 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

2025 жылға дейін 2 мың шақырым канал тазартылмақ

26.07.2025, 11:00 278 Гульжан Мусина

Елімізде егіншілікпен айналысатын шаруаларға су жеткізуді жақсарту мақсатында су арналары тазартылып, инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Биылғы жылдың басынан бері елімізде 780 шақырым канал механикалық әдіспен тазартылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл жұмыстарды Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өңірлік филиалдары жүргізіп отыр. Жоспар бойынша биыл 2 011 шақырым канал тазалануы тиіс. Қалған 1 231 шақырым арнаны тазалау жұмыстары егіс суару маусымы аяқталғаннан кейін жалғасады.

– Арналарды тазарту – суару жүйелерінің тиімділігін арттыру үшін аса маңызды. Бұл – су шығынын азайтып, тапшылықты болдырмауға сеп. Әсіресе, климаттың өзгеруі мен су ресурстары шектеулі кезде бұл жұмыс аса қажет, – дейді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.

Сонымен қатар диқандарға су жетуін қамтамасыз ету үшін 517 гидротехникалық нысанды жөндеу көзделген. Оның 78-і вегетация басталғанға дейін жөнделіп үлгерген. Қалған 439 нысанды егіс маусымынан кейін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Барлық жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

Жөндеу мен тазалау жұмыстарына жаңа техникалар мен құрал-жабдықтар белсенді қолданылып жатыр. Қазірдің өзінде «Қазсушар» мекемесінің филиалдарына жоспарланған 757 арнайы техниканың 524-і жеткізілген.

Аталған шаралар ауыл шаруашылығын дамыту мен су тапшылығының алдын алуда үлкен рөл атқарып отыр. Егістікке су уақытылы жетсе, өнім де сапалы, мол болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу