Өскемендe АЭС мамандарын оқытатын жаңа бағдарлама іске қосылады
2025-2026 оқу жылынан бастап Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Атом электр станциясын пайдалану» атты жаңа бағыт бойынша студенттер қабылданады. Бұл — еліміздегі алғашқы АЭС-ке арнап жоғары білікті мамандар дайындауға бағытталған арнайы бағдарлама, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бағдарлама Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) сарапшыларының көмегімен жасалды. Онда атом станциясының жабдықтары, ядролық реакторлардың жұмысы, радиациялық қауіпсіздік, отын циклі сияқты маңызды тақырыптар қамтылған. Студенттер тек аудиторияда ғана емес, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта және Өскемендегі металлургиялық зауытта тәжірибе жинайды.
Жобаны іске қосу алдында бірқатар маңызды шаралар өтті. Мысалы, 2025 жылы сәуірде университетте МАГАТЭ және Ресейдің ядролық университеті МИФИ мамандары қатысқан халықаралық форум ұйымдастырылды. Бағдарламаның академиялық кеңесінде тәжірибелі оқытушылар мен өндіріс өкілдері бар. Олардың арасында «ҮМЗ» АҚ ғылыми орталығының басшысы Манарбек Қылышқанов та бар. Оқытушылардың өзі де тәжірибеден өтті: біреулері Венгриядағы АЭС-те, енді біреуі Венадағы халықаралық кездесуге қатыспақ.
Бағдарлама халықаралық қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Ол Қазақстанға АЭС саласында мықты кадрлар дайындап қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне де үлес қоспақ. Алғашқы жылы-ақ халықаралық аккредиттеуден өту жоспарда бар.



