Өскемендік Батыр Ержанұлы – Президент қолынан марапат алған жас дарын
Өскемендегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мақтанышы, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Батыр Ержанұлы жоғары марапатқа ие болды. Ол Ақорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан арнайы марапат алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Президент жас зияткерлермен кездесуде олардың табандылығын, білімге деген шексіз ұмтылысын жоғары бағалап, еліміздің атын әлемдік аренада танытып жүргендерге алғыс айтты. Салтанатты рәсімге 24 үздік оқушы – 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері қатысты. Сол тізімде Батыр Ержанұлы да бар.
Бір жылдың ішінде Батыр Ресейдің Сочи қаласында өткен халықаралық олимпиадада алтын медаль жеңіп алды. Ал жуырда Филиппиннің Кесон-Сити қаласында өткен беделді IBO-2025 биология олимпиадасында қола медаль иеленді. Бұл – оның қажырлы еңбегі мен үздіксіз ізденісінің, ұстаздарының білімі мен ата-анасының қолдауының нәтижесі.


