Өскемендік жас биолог Халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды
20-27 шілде аралығында Филиппиннің Кесон-Сити қаласында биология пәнінен Халықаралық олимпиада өтеді. Бұл беделді додаға Қазақстаннан ең үздік төрт оқушы іріктеліп алынып, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғамақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биылғы құрамда Өскемен қаласының да өкілі бар. Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батыр Ержанұлы – халықаралық деңгейде бақ сынауға аттанған жастардың бірі. Ол олимпиаданың теориялық және практикалық кезеңдерінде биологиядан терең білімін көрсетпек.
Батырмен бірге олимпиадаға Астанадан Айғаным Балташова, Павлодар облысынан Ерсұлтан Қайркен және Алматы қаласынан Алихан Аширханов қатысады. Жас зияткерлер жасуша биологиясы, генетика, экология, анатомия сынды күрделі салаларда білімін дәлелдейді.
Құраманың ғылыми жетекшілері — Лейла Аскарова мен Илияс Сакимов. Олар бұған дейін де халықаралық деңгейдегі олимпиадаларда тәжірибелі тәлімгер ретінде танылған.
Айта кетейік, Қазақстан бұл олимпиадаға 1994 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт ішінде еліміздің жас биологтары 2 алтын, 18 күміс және 52 қола медаль иеленіп, халықаралық аренада өз қабілеттерін дәлелдеген.
Биология олимпиадасы тек жарыс қана емес, ғылымға ынта танытқан жастардың басын қосатын үлкен алаң. Мұнда қатысушылар әлемнің әр түкпірінен келген замандастарымен танысып, тәжірибе алмасады, болашақ зерттеушілер ретінде өз жолдарын бастайды.