KZ
Өскемен
-2°
небольшая облачность жел 3 м/с, ОШ
504.76 593.8 6.5

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында рекорд орнатты

27.08.2025, 15:00 222 Төлеуғазы Жансая

Шымкент қаласында өтіп жатқан нысана көздеу мен стенд атудан XVI Азия чемпионатында қазақстандық жас мергендер тарихи жетістікке жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ерлер арасында 10 метрден аралас ырғақта жылжымалы нысана көздеуден Қазақстан-1 жасөспірімдер командасы топ жарды. Рамазан Хусаинов, Шахзод Ирназаров пен Валат Мусаев 1065 ұпай жинап, жасөспірімдер арасындағы жаңа Азия рекордын тіркеді.

Күміс жүлде Қазақстан-2 командасына, қола медаль Өзбекстанға бұйырды. Айта кетейік, дәл осы үштік кеше жылдам ырғақтағы сайыста да алтын медаль жеңіп алған болатын.

«Бұл – мен үшін ғана емес, командадағы бәріміз үшін алғашқы Азия чемпионаты. Жарыс басталған күні қатты қобалжыдық. Бапкерлеріміз бізді үнемі қолдап, бағыт берді. Рекорд жасағанымызды марапат кезінде естідік. Әлі күнге дейін қуанышымыз басылар емес. Бұл – спорттағы әзірге ең үлкен жетістігіміз», – деді Рамазан Хусаинов жеңістен кейін.

Ересектер арасындағы осы сайыста да Қазақстан-1 құрамасы үздік шықты. Команда сапында Асадбек Назиркульев, Андрей Худяков және Даниил Яковенко бақ сынады.

Айта кетейік, Шымкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгінге дейін ересектер мен жасөспірімдер арасында 10-нан астам әлемдік және құрлықтық рекордтар жаңартылды. Жарыс 30 тамызда мәресіне жетеді.

Дереккөз: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу