Елімізде дропперлік қылмыс деп танылды
pixabay.com
16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа 232-1-бабы енгізілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа бапқа сәйкес, банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру әрекеттері дропперлік болып саналады. Бұған материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру де кіреді.
Министрліктің мәліметінше, мұндай әрекеттер интернет-алаяқтықтың негізгі әдістерінің бірі болып табылады және ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шығару үшін қолданылады.
232-1-бапқа сәйкес, қылмыстың ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай айыппұл салудан бастап, мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ішкі істер министрлігі бұл өзгеріс кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күресті күшейтуге, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға және цифрлық ортада әрекет ететін қылмыстық топтардың қызметін тоқтатуға бағытталғанын атап өтті.