Тұтынушы құқығы бұзылса, не істеу керек?
depositphotos.com
Әрбір тұтынушы сапалы тауар мен қызмет алуға құқылы. Егер сатып алған затыңызда кемшілік болса немесе онлайн тапсырыс толық жеткізілмесе, сатушыға наразылық хат жолдауға болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл хат еркін түрде жазылады, онда қандай құқық бұзылғанын, тауардың немесе қызметтің кемшілігін және өзіңіздің талаптарыңызды көрсету жеткілікті. Наразылықты тікелей сатушыға беруге, поштамен жіберуге немесе электронды түрде жолдауға мүмкіндік бар.
Заңға сәйкес сатушы мұндай хатты қабылдап, он күннің ішінде жазбаша жауап беруге және өз ұстанымын құжаттармен дәлелдеуге міндетті. Егер жауап болмаса немесе шығынды өтеуден бас тартса, тұтынушы уәкілетті органдарға немесе мемлекеттік мекемелерге шағымдана алады, қажет болған жағдайда сотқа жүгінеді.
Түркістан облысының тұрғыны интернет арқылы 350 мың теңгеге төсек-орын сатып алған кезде, тауар толық жеткізілмей, бір жамылғысы кем шыққан. Сатушыға жазған хатына жауап болмаған соң, ол «Е-Өтініш» жүйесі арқылы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Департаменттің араласуынан кейін сатушы жетіспеген тауарды «Қазпошта» арқылы жөнелтіп, тұтынушының 6 мың теңге шығынын өтеп берген. Осылайша тұтынушының құқығы толық қорғалды.
Дереккөз: Сауда және интеграция министрлігі
Дамир Омаров