Қос палата депутаттары мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады.
Бұл туралы сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясын қорытындылау кезінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
– Қоғамдағы өзекті мәселелер депутаттық сауалдар арқылы да көтеріліп келеді. Қос палата депутаттары мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады. Оның әрқайсысында елдегі түйткілді жайттар қозғалды. Әр өңірдің, әр адамның, әр отбасының тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар депутаттардың атына тұрақты түрде азаматтардан өтініштер келіп түсіп жатыр. Осы сессияның өзінде халық қалаулыларының атына шамамен 7 мыңға жуық хат келді. Тіпті арамызда бір өзінің атына жүздеген хат келген депутаттар да бар. Сондай-ақ депутаттар осы сессияда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық қабылдауда 800-ден астам адаммен жүздесіп, бірқатар мәселе сол жерде шешімін тапты, – деді Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Палата спикерінің пайымынша, Парламент жанынан құрылған диалог алаңдары да жақсы нәтиже беріп отыр. Енді халықты толғандыратын барлық заң жобалары Қоғамдық палата отырыстарында тәуелсіз сарапшылардың, жұртшылық өкілдерінің қатысуымен алдын ала талқыланады.
– «Жас сарапшылар клубы» мен «Талдау мектебі» жас мамандарға заң шығару процесіне араласуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Ұлттық мүдде» жобасы парламентарийлерді, зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығын біріктіретін алаңға айналды. Парламент қабырғасында Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы мақсаттардың іске асырылуы жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жасақталған «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы жұмысын бастады. Бұл топтың негізгі мақсаты – ұлт бірлігін нығайту. Бұдан бөлек, таяуда «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы өз міндетін атқаруға кірісетін болады, – деді Мәжіліс төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, тағы бір маңызды бағыт – Парламенттік дипломатияны дамыту. Бұл салада 100-ден астам елдің парламенттерімен ынтымақтастық топтар құрылды. Депутаттар ТүркПА, ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеялары, Парламентаралық Одақ және Еуропалық Парламент іс-шараларына қатысты. Бельгия, Грузия, Қырғызстан, Литва, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан парламенттік делегациялары Қазақстанға келді. Бұдан бөлек, жуырда Қазақстанның төрағалық етуімен Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы форумы ұйымдастырылды.