KZ
Өскемен
+5°
туман жел 1 м/с, С
479.71 533.77 5.16

Шала туған сәбилер үшін 5000 жиынтық тоқып берген – ШҚО

7.04.2023, 19:32 496

Жаңа туған сәби әлжуаз болып келеді. Ал шала туған нәрестеге тіпті үп еткен желдің өзі әсер етпей қоймайды. Ата-бабамыз кезінде мұндай сәбилерді тымаққа салып баптаса, қазір оның орнын кювездер алмастырған. Алайда жылы киімнің маңызы әлі жойыла қойған жоқ. 
Қазіргі таңда арнайы жиынтық тоқып, ұсынатын ұйымдардың да пайдасы зор. Мерзімінен ерте дүниеге келген сәбилерге киім, ойыншық тоқып, жылу сыйлаумен айналысып жүрген ұйымның бірі — “28 ілмек”. Аты айтып тұрғандай, мұндағы киімдер тоқу тәсілімен жасалады. Клуб елімізде 2012 жылы ашылған. Ал 2014 жылы біздің облыста да қызмет ете бастады. Қор еліміздің көптеген қалаларында ашылып, перзентханаларды жиынтықпен қамтамасыз етіп келеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
2017 жылы «28 ілмек» қоры ҚР Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстан қалаларынан тыс қор Қырғызстан, Өзбекстан, Латвия, Ресей, Грузия сынды 12 елде ашылып, еріктілер ондағы балаларға мейірім шуағын шашып жүр. 
Айы-күні жетпей, ерте туған нәрестелер салмағы мен мерзіміне байланысты әртүрлі күтімді қажет етеді. Арнайы кювездердегі температура мен ылғалдылық ана жатырына барынша ұқсас күйге келтіріледі. 
Бірақ нәрестенің аман жетілуі үшін жүннен тоқылатын жиынтықтың да маңызы айтулы. Шала туған шақалақтың терісі жұқа әрі тым нәзік, тыныс алуы нашар. Мұндай сәбилер ұзақ ұйықтап кеткенде, жүннен тоқылған киім бойға жылу таратып қана қоймай, денесін тітіркендіріп, қозғалысқа түсіреді. Қимылдағаннан кейін қан айналымы жақсарып, бірден ұйықтап кетпейді. Яғни киім тыныс алу мен салмақ қосуға әсер етеді. 
Тоқитын жиынтыққа қоятын талап пен өлшемдік шектеуі бар. Жиынтық құрамына бас киім, кеудеше, шұлық, көрпеше және ойыншық-комфортер кіреді. Арнайы киім тек 100% жүннен тоқылуы тиіс. Сонымен қатар клуб мүшелері жіп таңдарда түс терапиясын ескеріп, ашық реңктерді таңдауға тырысатынын айтады. Ал жалғанған катетер мен жабдықтарға сәбидің қолы тиіп кетпес үшін ұсынылатын ойыншық таза мақтадан жасалуы қажет. 
Өлшемдік шектеу реті баланың бойы мен салмағына байланысты бөлінеді. Мерзімінен ерте туған сәбилердің салмағы аз, бойы кішкентай болатындықтан киім оларға шақтап тоқылады. 

 
Қазіргі кезде клубқа әртүрлі салада еңбек ететін 35-тен 70 жасқа дейінгі 34 адам мүше болып отыр. Оның ішінде 10 ерікті тоқуға асқан құштарлық танытып, белсенді атсалысып жүрген көрінеді. Мұнда клуб мүшелерін «пері» деп атайды. Клуб ашылғалы бері «перілер» 5 мыңнан астам жиынтық тоқып, облыстық перинаталдық орталыққа табыстаған. Сонымен қатар Семей қаласында бөлімше ашылған сәтке дейін олар сондағы перзентханаларды да қамтып келген. 
Жоғарыда аталғандай, қорда түрлі жастағы, сан салада қызмет ететін, діні мен ұлты бөлек жандардың басы тоғысқан. Бәрінің басын бір жерге қосқан дүние өзгеге көмек қолын созу ниеті мен тоқу қабілеті. Клуб үйлестірушісінің міндетін уақытша атқарушы Елена Меринова энергетика саласын игерген маман, ал 50 жастағы Шемонаиха тұрғыны Наталья Онникова сорғы станциясында машинист қызметін атқарады. Қолы қалт еткенде бізі мен жібін тастамайтын тоқымашылар бәрінен бұрын уақыттың тапшылығы қинайтынын айтады. Алайда адамның өзгеге пайдамды тигіземін деген ниеті мен жігері болса, «киіз қазық та жерге кіреді» дейді.

 
Өскемендегі клубтың ашылуының өз хикаясы, түрткі болған жеке себебі бар. Бұрынғы үйлестіруші, оның ашылуына себепкер болған Мадина Юсубалиева әлеуметтік желіде клубтың негізін қалаған атақты журналист Карла Нұрдың оқиғасын оқып, қызығушылығы пайда болған екен. Сол сәттен клубтың тарихы бастау алды. Ықыласы жетелеп, Карла Нұрдың рұқсатын алып, қордың жұмысын жүргізу тәртібін мұқият зерттегеннен кейін Мадина өзінің үш құрбысымен бірлесе іс бастап, үйде жиынтық тоқуға кіріседі. Төртеулеп жүріп құрбылар орта есеппен айына 18 шақты жиынтық тоқып, өткізетін. Алғашқы жиынтықтарды киген егіз сәбилерді кездестірген шақты Мадина әлі күнге дейін сүйсіне еске алады. Бұл кездесу бірнеше жылдан кейін, қиын күндер артта қалған кезде болған.  
Бүлдіршіндер клубтың кезекті бір жиынына қатысқан шақта ғана өздері айналысып жүрген істің, жәрдемнің қаншалықты уақтылы және маңызды екенін түсінгендей болғанын жасырмайды. Осылай төрт құрбының лаулаған жалыны мен мұқалмас жігерінің арқасында жалғасқан қайырымдылық ұйымы кейін өзге де мейірім сыйласам деушілердің назарын аударып, қатар толыға бастаған. Облыс тұрғындарынан бөлек, тіпті қаладағы тамақтану орындарының бірі ниет білдіріп, ай сайынғы кездесуді өткізетін орынды тегін ұсыныпты. Осының арқасында жергілікті газеттердің бірінде хабарлама жарияланып, аймақ жұртын басқосудың нақты орны мен уақыты жайлы ақпараттандыру мүмкіндігіне ие болған-ды.  Газеттегі үндеуді ескерусіз қалдырмаған жандар көптеп келген екен. Қатарға қосылған “перілер” қолынан келген ісімен қолғабыс еткен. Тоқуға машықтанғандары жиынтықтардың уақытылы жөнелтілуімен айналысса, өзгесі сапалы шикізат сатып алу үшін қала кезіп, клуб есебін түгендеп отырған. Ал координаторға жүктелген басты міндет киімге қажетті жүнді сатып алатын қаражат табу. Қордың тұрақты демеушілері жоқ, сол себепті Мадина көбінде өз ақшасын салып отырған. Тек үйлестіруші ғана емес, басқа еріктілер мен жағдайға бейжай қарамаған өзге азаматтар да жеке қаражаттарын еш өтеусіз, қайтарымсыз қайырымдылыққа бағыштаған. 
Клуб жұмысына қызыққандар арасында жастардың да саны жеткілікті. Алғаш ашылғаннан бері іске кіріскен бірнеше бойжеткен әлі де өз үлесін қосып келеді. Одан бөлек, қайырымдылық мақсатында құрылған ұжымның бір бөлшегі болуға кезінде жасөспірімдер де ұмтылған. Мадина Юсубалиева кей адамдар бұл клубты тоқыма, қолөнер үйірмесі типтес ұжым, қыз балалардың уақыт өткізетін бір ермегі көретінін жасырмайды. Ал, шынтуайтына келгенде, “28 ілмек” қайырымдылық, ізгілік нұрын шашатын орта, осы мақсатты тұсбағар етіп таңдаған жандардың жәннаты. “28 ілмек” әр жанға адамгершілік парызын орындауға мүмкіндік беретін киелі жолдың бірі. Ең бастысы, мұнда гендерлік бөлініс жоқ, яғни ер не әйел деп шеттетпестен, есігін қаққан тоқымашылардың бәрін қабылдайды. 

“Мен ісмер тоқымашы емеспін, бұл істі жақсы меңгергенмін деп айта алмаймын. Тек шұлық, кеудеше сынды санаулы ғана заттарды тоқу қолымнан келеді. Клубта кәсіби тігіншілер, тоқуға әуестенетіндер не оны игермегендер де бар. Бәрін біріктіретін дүние еріктілік пен қайырымдылық жасаймын деген ниеттің болуы,” дейді Мадина Юсубалиева. 
– Аталған іске қызығуымның өз себебі бар. Бұрыннан қайырымдылыққа мұқтаж жандарға септігімді тигізгім келетін. Балалар үйіне барып, жәрдем ұсындым. Алайда кейін ондағы балалар өзіме бауыр басқан сәтте көзден ғайып болып, ұзақ уақыт келмей кетуге болмайтынын түсіндім. Ағылшын тілінің мұғалімі кәсібіне маманданғандықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға тіл үйретуге ұмтылыс жасадым. Ал қазір балаларға арналған жиынтықты тоқи отырып, заманауи медицина мен баласына мейірім төгетін ата-ананың барын ескеріп, жақсылыққа бағытталған, сәбилердің көрер жарығын сақтап қалуды мақсат тұтқан үлкен құрылымның бір бөлшегі екеніңді түсінесің. Жалғыз өзің ауыр шоқпарды белге байлап, әлемді құтқаратындай ерлік жасамасаң да, маңызды іс атқаратыныңды ұғасың. Бұл клуб әлемді иненің жасуындай болса да жақсы жаққа өзгертуге тырысатынын, өтемсіз іс істейтін қайырымды жандардың ортасы екенін тағы да еске салғым келеді, деп сөзін тәмамдады ол.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив