KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 1 м/с, С
504.49 587.73 6.57

Еріктілердің көмекті дұрыс көрсете білуі аса маңызды – ШҚО

Фото: gov.kz

30.06.2023, 10:46 471

Облыс еріктілері жаппай бұқаралық форумдар кезінде кезекші ретінде, демалу орындары мен туристік маршруттарда қауіпсіздікті қадағалаушы ретінде құтқарушыларға көмектеседі. Сонымен қатар ниет білдірген азаматтарға алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретіп, психологиялық қолдау көрсетеді және түрлі ТЖ кезіндегі әрекет ережелерін түсіндіреді.

Аталған дағдыларды меңгеру үшін еріктілер де арнайы дайындықтан өтеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Төтенше жағдай кезінде еріктілер өздері зардап шекпес үшін және іс-қимыл ережелерін азаматтарға сауатты жеткізуі үшін біршама ақпарат игеруі қажет.

Осыған байланысты ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс орталығының базасында өрт қауіпсіздігі пәндері, жарақат алған адамға алғашқы көмек көрсету, іздестіру қызметі және төтенше жағдайлар кезінде азаматтарды қорғау тақырыптары бойынша сабақ өтті.

– Мұндай дайындық курстарының пайдасы көп. ШҚО ТЖД мамандары еріктілерге теориялық білім беріп қана қоймай, сонымен қатар тәжірибе жүзінде қабілетін сынап көруге мүмкіндік береді. Одан өзге, төтенше жағдайлар облыста болған нақты мысалдар арқылы пысықталады. Талып қалған адамға, жарақат алғандарға көмек көрсету, арнайы мамандар жеткенге дейін жасанды тыныс алдыра білу маңызды, – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.

Еріктілер де төтенше жағдайда көмек көрсететін қызметкерлердің жұмысы күрделі екендігіне көз жеткізді. 

– Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысы өте қиын. Мен өзім жақында ғана Абай облысындағы орман өрті кезінде олардың жұмыстарының куәсі болдым. Қолымнан келгенше көмектестім, су тасыдым, өртте жұмыс істегендерге тамақ пісірдім, картоп тазаладым,  – дейді ерікті Сергей Чернышев.

Дайындық аяқталғаннан кейін 20-дан астам ерікті сертификатқа ие болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу