KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 5 м/с, В
443.72 482.28 4.9

ШҚО-да мәжілісмендер орманшылармен кездесті

4.07.2023, 21:02 339 Оразай Жеңісұлы

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов орманшылармен кездесті.

«Талай жылдан бері осы мекемеде қызмет атқарып келеміз. Біздегі бірден-бір мәселе – тозығы жеткен өрт сөндіру техникалары. Қазір технологияның дамыған уақыты ғой. Бірақ біз әлі күнге дейін ескі құрал-жабдықтармен жұмыс істейміз. Сіздерден осы мәселенің шешілуіне ықпал жасауларыңызды сұраймыз», – деді Орман шаруашылығы өрт сөндіру станциясының басшысы Аманбек Жасаров.

Орман шаруашылығындағы техникалардың әбден тозығы жеткенін қызметкерлердің барлығы растап отыр. Сондай-ақ кездесуде мардымсыз жалақы мәселесі де қозғалды. 

«Мұндағы жұмыс уақытына қарамастан қызметкерлердің жалақысы өте аз. Олар күндіз-түні қолайлы-қолайсыз ауа райында да жұмыс істейді. Сондықтан жалақы мәселесі реттелсе жақсы болар еді», – дейді Зайсан орманшылығы басшысының міндетін атқарушы Айдын Ескендіров.

Депутат Ерлан Саиров 1 шілдеден бастап орманшылар жалақысы жоғарылағанын атап өтті. 

«Бәріңізге белгілі, жақында Абай облысында болған орман өрті осы салада түйткілді мәселелердің бар екендігін көрсетті. Өз кезегінде Мемлекет басшысы да саладағы кемшіліктерді анықтап, жою қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың айлығы өсірілді. Ал материалдық-техникалық базаны жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп мәлімдеген болатын министрлік. Бұл мәселе бойынша Мәжіліс депутаттары тиісті министрліктің жұмысын назарда ұстайтын болады», – деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Депутаттар 5-12 шілде аралығында Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай аудандарын аралап, «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасының орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, ауыл тұрғындарымен кездеседі. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив