«Шаңырақ» мектебі: ШҚО әкімі ата-аналармен кездесті
Фото: Тілеубек Шаяхмет
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Риддердегі «Шаңырақ» мектебінде оқитын оқушылардың ата-аналарымен кездесті.
Азаматтарды қабылдау барысында қала активінің өкілдері аймақ басшысына кеншілер қаласындағы мемлекеттік тілде білім беретін жалғыз мектептің оқушыларына жайлы ғимарат беру мәселесімен келді. Ермек Көшербаев бұл сауалды жеке қарастырып, білім ордасының қазіргі жағдайымен танысуға уәде етті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бірнеше күннен кейін «Шаңырақ» мектебінде оқитындардың ата-аналарымен кездесу өткізіліп, мәселе жан-жақты талқыланды.
Білім беру мекемесіне жуықта салынған жаңа ғимаратты беру туралы ұсыныс айтылды, онда қазір аралас мектеп орналасқан. Аймақ басшысы барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, мәселені шешудің басқа да жолдары бар екенін алға тартты.
Риддер қаласының әкіміне экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірге осы мәселенің егжей-тегжейін мұқият зерттеп, ұсыныстар енгізу туралы тапсырма берілді. Жауапты ведомстволар бұл мәселені шешудің жолдарын 10 күн ішінде табуы тиіс.