Өскеменнің төрінде белгілі ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі, халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері Оразай Жеңісұлының жырсүйер қауымды қуантқан жаңа кітабының тұсауы кесілді.
«Жел сүлей» атауымен жарыққа шыққан туындының тұсаукесеріне жергілікті ақын-жазушылар, жас ақынның ұстаздары мен әріптестері қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Оразайдың бүгін тұсауы кесілген кітабы тұңғыш болса да, әдеби ортаға ертеректен танылған азамат. Ол облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүретін. Оның өлеңдері - сезімге толы, адамның сезімін қозғайтын, лирикалық өлеңдер. Сондай-ақ Оразайдың тек ақын ретінде емес, мықты журналист екенін де айта кету керек. Қандай мақаласы болсын, журналистік зерттеулері болсын өз орнын алып, халықтың назарында жүреді. Қай жағынан болмасын Оразайға тек шығармашылық табыс тілейміз, - деді жазушы, журналист, аудармашы, ҚР Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Айтмұхамбет Қасымов.
Шығыстың намысын республикада қорғап жүрген ақынның жырлары топтама жинақтар, газет-журналдар және әдеби-мәдени порталдар арқылы оқырманын тапқан болатын. Өлеңді өзіне серік еткен жас ақын бүгінде көптеген биікті бағындырып, халықаралық, республикалық, облыстық жыр додаларында талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінді.
– Өлеңге, әдебиетке бала кезден әуеспін. Сол кездерден бері жинақталып қалған аз-маз жырымызды саралап, тұңғыш жинағыма енгізіп, «Жел сүлей» деген атпен кітабымды жарыққа шығардық. Оқырманға туынды ұсынып отырғандықтан оның жүгі бар, жауапкершілігі бар. Сондықтан көзіміз жететін, өзіміз білетін, ой елегімізден өткізген дүниелерді ғана қағаз бетіне түсірдім. Бүгінгі таныстырылым кеші, кітаптың жарыққа шығуы көп адамның еңбегі, қолдау көрсеткен баршаға алғысым шексіз, – дейді Оразай Жеңісұлы.
Салиқалы рухани кеште сүбелі ойлар, келелі пікірлер айтылды. Оразай Жеңісұлының ақын ретінде қалыптасуы жолында Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ашылған «Шабыт» жас ақындар мектебінің рөлі ерекше. Сол мектепте бірге жүріп, тәлім алған жанашыр достары да бүгінгі кеште жанынан табылып, жылы лебіздерін аямады.
– “Шабыт” жас ақындар мектебінде Оразай екеуіміздің басымыз бір жерге тоқайласып, мүшәйраларда бірге саптасып жүрдік. Бүгін тырнақалды туындысы оқырман назарына жол тауып жатыр. Кеш құтты болсын, досымның қазақ әдебиетінің ірі өкіліне айналуын тілеймін, – деді жас ақын Естай Жаңабай.

#republicdaykz #kzdayrepublic