Тілшілер өрт сөндірушілердің сынағынан өтті
ШҚО тілшілері өрт сөндірушілердің қызметін атқарып, олармен мамандық алмастырды. Жарыс 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай ұйымдастырылды.
Бұл бастаманы облыстық төтенше жағдай департаменті ұсынып, журналистерді күш сынасуға шақырған болатын. Аталмыш шараға Altaynews.kz сайтының тілшілері де қатысып, қаламы мен камерасын шлем мен газтұмылдырыққа алмастырып көрді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының алты маманынан құрылған топ түрлі кедергіні еңсеріп, өрт сөндірушілердің жұмысын өздері атқарды. Журналистер бара сала өрт сөндірушілердің киімін жылдам киіп, жарысты бастап кетті. Талап бойынша арнайы форманы 12 секундта киіп үлгеру керек. Қалың матадан тігілген киім мен аяқ киімнің, оттек баллонының ауырлығын айтып, таңғалысып жатты. Олар форманың ілгегін іліп, арнайы бетперде мен баллонды тағып үлгергенше 3 минут зу етіп өте шықты.
Асай-мүсейін түгендеген журналистер әрі қарай екі шетінде қызыл жалын лапылдаған психологиялық кедергі жолағын бағындыруға аттанды. Бұл кедергі тәжірибесі жоқ, қызметке енді кіріскен өрт сөндірушілердің отқа төзімділігін, түрлі қорқынышының бар-жоғын, айнала алай-дүлей болып жататын дүрбелең шақта өзін ұстап, бойын жинап ала ма, жоқ па дегенді тексеру үшін ойластырылған. Өрт сөндірушілердің сөзінше, бұл кедергіге көбі шыдай бермейді.
Кедергіден тосырқап қалмай, ойдағыдай өткен журналистер жанып жатқан нысанға өрт сөндіру көлігіне қосылған шлангімен су шашып, құрылғыны іске қосуды үйренді.
Өрт сөндірушілер түрлі биіктіктегі өртті сөндіретіні белгілі. Кейде көпқабатты ғимараттардағы өртті сөндіру үшін арнайы баспалдақпен діттеген жерге жету қажет. Журналистер де осы баспалдақпен бес қабатты ғимаратқа көтеріліп, әрі қарай түтін камерасына беттеді. Көз көргісіз қою түтіннің арасына сіңіп, шығар жол іздеген журналистердің тобы бұл сынақтан да сүрінбей өтті. ШҚО ТЖД мамандарының сөзіне сенсек, жаңа келген мамандарды үш айлық оқуға жібергенде олар арнайы ғимаратқа кіріп, ол жерді зерттеп, онымен қоса адамды құтқарып үйренеді екен.
Ал дәл осы сәтте өрт сөндірушілер тілшілердің сынақтан өтуін камераға түсіріп, ақпарат жинап жатыр еді.
Сынақтың бірінші кезеңінен сүрінбей өткен БАҚ саласының қызметкерлері екінші кезеңде суға батқан адамды құтқарып шықты. Бұл сынақта жарақат алған науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету қажет болды. Абдырап қалған журналистер бірқатар қателік жіберіп алды. Журналистердің кейбірі алғаш рет суға батқан адамға жасанды тыныс алу жаттығуын жасап, сынған аяқты таңып көрді. Дегенмен арасынан осы уақытқа дейін медициналық көмек көрсету жағынан қабілетін жетілдіріп, бұл жолы әріптестеріне бағыт беріп тұрғандар да табылды.
Әрі қарай арқанжолмен жүруді үйренгеннен кейін тілшілер мысықты құтқару үшін терекке өрмеледі. Өрт сөндірушілердің айтуынша, мысықтар әдетте ағаштың ең биік, әрі жіңішке бұтағына шығып алатын көрінеді. Кейде тіпті құтқарушыларға қарсылық танытады екен. Бұл құтқару жұмысын одан әрі қиындатады.
Бұдан кейін тілшілер апаттық-құтқару жұмысын жүргізіп, жерді бағдарлай отырып, қиындыққа тап болған адамды іздеді. Шара соңында ақпараттық саланы байқап көріп жүрген құтқарушыларға сұхбат беріп, алған әсерлерімен бөлісті.
Ал кейбір тілшілер алғашқы медициналық көмек көрсетуді игеру әркімнің кәдесіне жарайтын, қажет болатын іс екенін айтып жатты.
ШҚО ТЖД мамандары жылда ұйымдастырылатын осы байқаудың астарында үлкен мән жатқанын айтты.