ШҚО-да балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту мәселесі талқыланды
«AMANAT» партиясының ШҚО филиалының «TALQYLAU» алаңында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату мәселесі талқыланды.
Жиынға облыстық білім басқармасының, Полиция департаментінің, Денсаулық сақтау басқармасының, Прокуратураның, әлеуметтік-психологиялық қызмет өкілдері мен мәслихат депутаттары, мектеп директорлары мен педагогтер қатысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұл шара Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын орындау және партия фракциясының басшысының биыл 25 қыркүйектегі қаулысында айтылған мәселеге пікір, ұсыныс қосу мақсатында ұйымдастырылған. Мемлекет басшысы Жолдауда кәмелетке толмағандарға қатысты істелген кез келген зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырған еді.
Бүгінгі таңда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмысты азайту және алдын алу жұмысына қатысты шаралар қабылданып жатыр.
Дерекке сүйенсек, 1 қыркүйекте Полиция департаменті Өскемендегі мектептерде 48 құқық сағатын өткізіп, оқушылармен әңгіме жүргізген. Ел аумағында мұндай шара алғаш рет шығыста өтіп отыр. Жиын барысында өзекті мәселелер талқыланып, оқушылардың міндеті мен құқығы түсіндірілді. Тәртіп сақшылары облыстағы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында апта сайын осындай жиын өткізіп тұрады. Осы ретте әр білім беру мекемесіне жауапты полиция қызметкері бекітілген. Дәлірек айтқанда, ювеналды полицияның 78 учаскелік инспекторы, 150 учаскелік инспектор, 42 жедел уәкіл жұмылдырылған. Жыл басынан бері жасөспірімдерге қатысты бірнеше жедел-профилактикалық шара өткізіліп, қылмыс көп тіркелетін учаскелерді, жастар көп жиналатын орындарды анықтап, қолайсыз отбасылар тексерілді.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына 251 жасөспірім жеткізіліп, үйінен қашып кеткен 26 бала кері қайтарылған. Сонымен қатар, алкоголь ішкен 274 жасөспірім ұсталып, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында жүруіне байланысты 52 дерек анықталып, 78 ата-анаға әкімшілік жауапқа тартылды. Түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз көшеде жүрген 3 мың бала полиция учаскесіне жеткізілген. Осындай деректі қайталаған 85 адам жауапқа тартылған. Биыл баласын тәрбиелеуге қатысты міндетін дұрыс атқармаған 604 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылып, 76-сы ата-ана құқығынан айырылды, 21-інің құқығы шектелді. Профилактикалық шаралардың барысында басты назар қолайсыз отбасыларға, балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты міндетін атқармаған заңды өкілдерге аударылады. Бүгінгі таңда 386 заңды өкіл есепке алынып отыр. Сондай-ақ әлеуметтік желіде суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын парақшаларға мониторинг жүргізіледі.
Кешенді шаралар балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың 16%-ға азаюына септігін тигізіпті. Биыл облыста 30 дерек тіркелген, оның 2-і расталмаған. Осы жылы зорлық-зомбылық дерегі 9-дан 7-ге дейін, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық 12-ден 8-ге дейін төмендеп отыр.
Балаларға көбіне таныстары мен туыстары, яғни жақын адамдары жыныстық қысастық көрсететін көрінеді. Осы жағдайдың 25-і тұрғын үйде, 2 саябақта, біреуі мектептің маңында тіркелген. Алайда қылмыс істеген адамдарды тұратын мекенжайы бойынша бақылауға алу мүмкін емес. 1 маусымда тұрмыстық қылмыстарды жәбірленушінің арызы болмаса да, оқиға болғаннан кейін тіркеу туралы шешім қабылданды.
Осы ретте балаға қатысты жыныстық қылмыс істеген адамды бас бостандығынан өмір бойына айыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ үйдегі зорлық-зомбылықты жасырғандарды жауапқа тарту мәселесі де қарастырылады.