Өскеменнің полицейлері бірнеше күн үйіне бармаған жасөспірімді іздеп тапты
Фото: egemen.kz
7 қарашада Өскемен қаласының ПБ Ертіс ПБ-нің кезекші бөліміне 39 жастағы қала тұрғыны жүгініп, 2008 жылы туған қызын іздеуге көмектесуді сұраған. Әйелдің сөзінше, қыз бала 3 қараша күні әкесінің үйін кеткенінен қайтып оралмаған.
Тәртіп сақшылары жасөспірімді тауып, анасына табыстады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аталған бөлімнің ювеналды полиция тобының қызметкерлері жедел іздестіру шарасының барысында қыз баланың жүрген жерін анықтаған. Оған дейін жасөспірім құрбысының үйінде жүрген көрінеді.
ШҚО ПД дерегінше, 3 қараша күні сағат 14.00 шамасында үйден шығып, бөлек тұратын әкесінің үйіне барған жасөспірім біраз уақыттан кейін әкесіне құрбысының үйіне түнейтінін айтып, сұранып кеткен. Алайда, қыз бала телефонын өшіріп тастаған.
Полиция қызметкерлері адам жоғалып кеткен жағдайда өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпай, дереу «102» телефоны бойынша полицияға хабарлау керек екенін еске салады.