Риддердегі жоғалып кеткен бала аман-есен табылды
Риддер қаласында 13 жастағы жасөспірім 23 қаңтар күні үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- 24 қаңтар күні полиция бөлімшесіне 38 жастағы ер адам келіп, бір күн бұрын, яғни 23 қаңтар күні сағат 13.00 шамасында 13 жастағы ұлы үйден шығып, кейін телефонын өшіріп, хабарсыз кеткенін хабарлады, - дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Хабар түсе салысымен полиция бөлімшесінің жеке құрамы жасөспірімді іздеуге аттанған. Баланың баруы мүмкін деген барлық туыстарынан, достары мен таныстарынан сұрастырған. Сондай-ақ құдықтар мен шатырлар да тексерілген.
- Бала 25 қаңтар күні сағат 8.00 шамасында Риддер қаласының Речной көшесінде орналасқан үйлердің бірінен табылды. Бала аман-сау және қазіргі уақытта ата-анасының жанында, - дейді ПД қызметкерлері.
Жасөспіріммен және оның ата-анасымен кәмелеткен толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта құқық қорғау қызметкерлері баланың не себепті үйден кетіп қалғанын анықтау үстінде.