KZ
Өскемен
-10°
плотный туман Штиль
498.55 524.28 4.75

Технологиялық көпір Бұқтырма су қоймасының екі жағалауын байланыстырды

Фото: Аяужан Утеулинова
Фото: Аяужан Утеулинова
29.12.2023, 15:00 541

Бүгін Бұқтырма су қоймасындағы технологиялық көпір түйісті. 

 

Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір еліміздегі ең ұзын көпір болмақ. Оның құрылысы қыс айларында да үздіксіз жалғасып жатыр. Технологиялық көпірдің түйісуі – негізгі көпірдің құрылысын едәуір жеделдететін маңызды кезеңдердің бірі, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев нысанды аралап, құрылысшылармен және жергілікті тұрғындармен кездесті.

 

– 2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастауды тапсырған болатын. Жұмыстар 2021 жылы басталды. Келер жылдың соңына таман көпір іске қосылады деп үміттенеміз. Бүгін маңызды оқиға болды, ол – жұмыс көпірінің түйісуі. Бұл құрылыс қарқынын жеделдетеді, құрылыс көліктері көпірдің әрбір тірегіне тақап, тиісті жұмыстарды жүргізе алады, – деп атап өтті облыс әкімі Ермек Көшербаев. – Көпір бәріміз үшін, ең алдымен, шалғайдағы шекаралас аудандардың тұрғындары үшін стратегиялық маңызға ие. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігі.

 

Өңір басшысы жобаның мультипликативтік әсерін атап өтті. Себебі, нысан іске қосылған соң сапар уақыты қысқарады, қозғалыс және логистика мәселесі шешіледі, көпірдің айналасында 20 шақырымнан астам жол жөнделеді. Бұл Бұқтырма су қоймасында және бай тарихымен әрі бірегей табиғатымен танымал шекаралас аудандарда бизнесті, туризмді дамытуға оң ықпал етеді.

 

Технологиялық көпір ашылған күні Бұқтырма су қоймасының нақ үстінде әлемдегі ең ірі жасанды су айдындарының бірі бөліп жатқан екі аудан тұрғындарының кездесуі өтті.

 


– Біз бұл оқиғаны 50 жыл күттік. Біз бүгін осы іс-шараға қатысып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Көпір құрылысына атсалысып жатқандардың барлығына белсенді жұмыстары үшін алғыс айтамыз және жобаның аяқталуын асыға күтеміз, – деді жергілікті тұрғын Қадырбек Айдарханов.

 

Салынып жатқан ауқымды құрылыс барлық көрсеткіштері бойынша Семейдегі аспалы автомобиль көпірінен (1086 м), сондай-ақ Қапшағай су қоймасының үстіндегі теміржол өткелінен (871 м) асып түседі.

 

Бұл еліміздегі су үстінен салынған ең ұзын жалғыз көпір болмақ.

 
– Көпірдің жалпы ұзындығы – 1316 м, ені – 12,2 м, бір жағында жаяу жүргіншілер жолағы болады. Судың бетінен көпірдің астына дейінгі қашықтық – 18 метр. Көпір кемелердің астынан өтуіне кедергі болмайды. Екі жағынан да мұзкескіштер қарастырылатын болады. Мұз бұзылып, тірекке тимейді. Құрылысқа қажет материалдар уақтылы жеткізіліп жатыр, – деді құрылыс учаскесінің бастығы Юрий Чанов.

 

Естеріңізге сала кетсек, биылдан бастап нысан Көлік министрлігіне берілді және «Қазавтожол» бейінді республикалық кәсіпорнының балансына өтті. Құрылысты «ОблШығысЖол» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізуде. Құрылыс барысын жергілікті билік үнемі қадағалап отыр.

 

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу